Жас та, жасамыс та дауыс беруде: Өскемендегі сайлау учаскесінен фоторепортаж
Бізді №3 сайлау учаскесінің төрағасы, мектеп директоры Жаңыл Назарбаева қарсы алды. Оның айтуынша, мұнда азаматтар өз дауыстарын беруі үшін барлық жағдай жасалған.
«№3 учаскеге Сәтбаев даңғылы 12, 12/1, 12/2, 12/3, 14, 14/1, 14/2, 14/3, 16, 16/1, 16/2, 30 мекенжайлары, №4 учаскеге Өтепов көшесі 2, 27, Жастар көшесі 12, 14, Сәтбаев даңғылы 6, 6/1, 8, 8/1, 8/2, Есенберлин даңғылы 19, 21, 23, 23/1, 23/2, Қазыбек би даңғылы 46, 48, 50, 52 мекенжайлары кіреді.
Екі учаскеде барлығы 4673 адам тіркелген. Таңертеңнен бері осында келіп дауыс беріп жатқандар көп. Өзіңіз көріп тұрғандай кезек те қалыптасқан. 11 қазақстандық және 2 халықаралық байқаушы отыр. Мүгедектігі бар жандарға да талапқа сәйкес жағдай жасалды. Егер бір адамның денсаулығы сыр беріп жатса медпункте тиісті көмек көрсетіледі», - деді ол.
Жаңыл Назарбаеваның айтуынша, сайлаушылар асханада ұлттық тағамдардан дәм татуда. Өз таңдауын жасауға келгендер арасында жас та, жасамыс та бар.
«Сайлау учаскелері таңғы сағат 7-де ашылды. Бірақ 30-ға жуық адам таңғы 6-да басталады деп ойлап, 1 сағаттай ерте келген. Учаске ашылғанда бәрі кезекке тұрды. Жұрттың көңіл-күйі жақсы. Арасында жастарды көргенде қуанасың. Олар өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетіп жатыр. Біздің екі учаскеде 18 жастағы 29 адам бар. Түске кейін оның 14-і келіп кетті. Алғаш дауыс бергендерге сыйлықтар табыс еттік. Жалпы басқа сайлауларға қарағанда бүгінгі сайлауда жұрттың белсенділігі ерекше», - дейді мектеп директоры.
Байқаушылардан да сайлаудың қалай өтіп жатқанын сұрап көрдік.
«Таңертеңнен бері осында сайлау барысын бақылап отырмыз. Ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Дауыс беріп жатқан азаматтар өте көп», - дейді байқаушы, «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының өкілі Вадим Антипин.
Қала тұрғыны Баян Айтқожаева елде болып жатқан әр сайлауда дауыс беретінін айтты.
«Бүгін де таңертең ерте тұрып, сайлауда дауыс беру үшін келдім. Себебі сайлаудың маңызы зор. Еліміз өркендеп, дами берсін!», - дейді ол.
Зейнеткер Лидия Федеровна елдің тыныштығы үшін сайлаудан қалыс қалмағанын жеткізді.
«Әлемде түрлі оқиғалар болып жатыр. Сондықтан бейбітшіліктің қадірін түсінейік. Тұрақтылықты, ұлттардың ынтымағын тілеймін. Сол үшін өз таңдауымды жасадым», - дейді ол.