Жас теннисшілер Ақтөбедегі халықаралық турнирде үш чемпиондық атақты жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы ACE теннис орталығында J60 Aktobe Open-1 халықаралық жасөспірімдер турнирінің жеңімпаздары анықталды.

Жас теннисшілер Ақтөбедегі халықаралық турнирде үш чемпиондық атақты жеңіп алды
Фото: ҚТФ

Қазақстандық спортшылар өз алаңындағы жарыста сәтті өнер көрсетіп, жекелей және жұптық сында үш чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Халықаралық теннис федерациясының (World Tennis) қолдауымен өткізілген турнирге сегіз елдің — Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Арменияның жас теннисшілері қатысты.

Ұлдар арасындағы жекелей сында финалға екі қазақстандық спортшы шықты. Шешуші кездесуде ақтөбелік Мансұр Сайынов пен Хақназар Жеткербай өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде М.Сайынов чемпион атанса, Х.Жеткербай күміс жүлдені қанағат тұтты.

Қыздар арасындағы жекелей сында Екібастұз қаласының өкілі Ясмин Дүйсембаева жеңіске жетті. Ол финалда ресейлік Кристина Камоловадан басым түсіп, турнирдің алтын жүлдесін жеңіп алды.

Ұлдар арасындағы жұптық сында да қазақстандық теннисшілер үздік нәтиже көрсетті. Ақтөбелік Мансұр Қақамбетов пен Мансұр Сайынов чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ал Әзербайжан өкілі Рафаэль Гусейнов пен астаналық Мұстафа Арафат күміс жүлдегер атанды.

Осылайша Мансұр Сайынов аталмыш жарыста жекелей және жұптық сында топ жарды.

Қыздар арасындағы жұптық сында ресейлік Валерия Галяева мен Кристина Камолова жеңімпаз атанды. Қазақстандық Гауһар Ақтан (Астана) мен Эвелина Балаганская (Алматы) финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, World Tennis Juniors сериясындағы халықаралық турнирлер жас теннисшілердің кәсіби спортқа қадам басуында маңызды рөл атқарады. Мұндай жарыстар спортшыларға халықаралық тәжірибе жинақтауға, рейтингтік ұпайлар иеленуге және шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирде қарсыласын камбэкпен жеңгенін жазған едік.