«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына 20 000 оқушы салтанатты түрде қабылданды

Шара барысында сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым вице-министрі М.Сарыбеков аталған ұйымның мақсаты ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу екендігін атап өтті.
Ал «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалды: «2011 жылдың 11 ақпанында өткен «Нұр Отан» ХДП XIII съезінде Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарының басын біріктіретін «Жас Ұлан» бірыңғай қозғалысы және «Жас Қыран» балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құру керектігін атап өткен болатын. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 2011 жылдың 6 шілдесінде «Елорда күніне» орайластырылып, жастар ұйымдары көшбасшыларынан бастамашыл топ «Біртұтас «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды", - деп шараның маңыздылығын айқындай түсті.
Салтанатты қабылдау рәсімінен кейін Жас көшбасшылар форумы өтті. Аталған форумда «Тәуелсіздіктің 20-жылдығына - 20 қайырымды іс» акциясының жеңімпаздары марапатталды. Мерекелік кеш оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.