Жасанды интеллект 167 жыл бойы шешілмеген математикалық есептің жауабын тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Anthropic компаниясының қызметкері Левент Альпёге Claude жасанды интеллектінің көмегімен Риман гипотезасын дәлелдегенін мәлімдеді. Алайда ғылыми қауымдастық бұл нәтижені әзірге растаған жоқ, деп хабарлайды DW.
Риман гипотезасы натурал сандар арасындағы жай сандардың таралу заңдылықтарына қатысты. Ол математикадағы ең күрделі әрі ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі саналады.
Левент Альпёге болжамды дәлелін математикалық тұжырымдарды формалды түрде тексеруге арналған Lean бағдарламалау тілінде жариялаған.
Зерттеушінің айтуынша, егер бұл дәлелді адамға түсінікті математикалық тілде жазса, оның көлемі 250 мың беттен асуы мүмкін.
Ғалымның өзі де жасанды интеллект ұсынған нәтижелерді әлі толық түсініп үлгермегенін мойындады.
– Мен бұл дәлелді және онда қолданылған ықшамдау тәсілдерін түсіну үшін бар күшімді саламын. Сондай-ақ оларды басқа зерттеушілерге түсінікті етіп жеткізуге тырысамын, – деді Левент Альпёге.
DPA агенттігінің хабарлауынша, сарапшылар жарияланған компьютерлік кодты зерттеуге кіріскен. Олар да талдау барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр.
Дегенмен ғылыми қауымдастық Claude көмегімен алынған дәлелдің дұрыстығын әзірге растай алмай отыр.
Риман гипотезасын неміс математигі Бернхард Риман 1859 жылы тұжырымдаған. Қазіргі математикадағы көптеген ғылыми қорытынды осы гипотезаның дұрыс екені туралы болжамға сүйенеді. Егер ол теріске шығарылса, бірқатар математикалық тұжырымды қайта қарауға тура келеді.
2000 жылы АҚШ-тағы Клэй математика институты Риман гипотезасын «мыңжылдықтың жеті есебінің» қатарына енгізіп, оны дәлелдеген адамға 1 млн доллар сыйақы тағайындаған.
Бұған дейін де жасанды интеллект көмегімен аса күрделі математикалық мәселелерді шешу туралы мәлімдемелер жасалған.
Атап айтқанда, 2026 жылдың күзінде OpenAI компаниясы өзінің жасанды интеллект агенттері «мыңжылдықтың жеті есебінің» тағы бірі – Навье-Стокс теңдеулерінің шешімдерінің бар болуы мен тегістігі мәселесін шешкенін хабарлаған.
Бұл теңдеулер сұйықтықтар мен газдардың қозғалысын, соның ішінде құбырдағы су ағысы мен атмосфералық процестерді сипаттайды.
Алайда аталған нәтиже де математиктердің ресми мойындауына ие болған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар жасанды интеллект көмегімен қанттың 92 ықтимал алмастырғышын анықтаған еді. Зерттеушілер 50 миллионнан астам химиялық қосылысты талдағанымен, алынған нәтижелер әлі тәжірибе жүзінде тексерілуі тиіс.