Жасанды интеллект болашақта репетиторларды алмастыра ала ма
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект көптеген адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. ChatGPT, Gemini немесе Copilot сияқты ірі тілдік модельдер (LLM) адамдарға хаттар мен курстық жұмыстар жазуға көмектеседі, демалыс кезіндегі экскурсияларға кеңес береді немесе кез келген тақырып бойынша сұрақтарға жауап береді, деп жазды Азертадж.
Германиядағы Юлий және Максимилиан атындағы Вюрцбург университетінің зерттеушілер тобы жасанды интеллект жаратылыстану ғылымдары студенттерін тәуелсіз репетитор ретінде қандай дәрежеде қолдай алатынын зерттеді.
Физикалық химия кафедрасының зерттеу тобы бұрын негізінен нано материалдарды спектроскопиялық зерттеумен айналысқан. Енді олар қазіргі LLM модельдерінің термодинамиканы қаншалықты түсінетінін тексеретін құрал жасап шығарды. Бұл құрал тек қарапайым фактологиялық біліммен шектелмей, терең түсінікті бағалауға бағытталған.
UTQA (Undergraduate Thermodynamics Question Answering) деп аталатын бұл құрал ашық қолжетімді және оқытушылар мен зерттеушілерге тілдік модельдерді объективті және мазмұнды бағалауға, сондай-ақ олардың даму деңгейін өлшеуге арналған.
— Болашақта жасанды интеллект оқытуда біздің тәуелсіз серіктесімізге айналады деп үміттенеміз. Мысалы, әрбір студенттің қажеттілігіне жекелей жауап беретін, дәрістерге дайындалу мен оны түсінуге көмектесетін білікті чат-боттар түрінде, — дейді жоба жетекшісі профессор Тобиас Хертель.
Хертельдің командасы 2023 жылғы қысқы семестрден бастап, 150-ден астам студентке термодинамика дәрістерінде LLM-ді апталық білім тексеру құралы ретінде пайдаланып келеді. ChatGPT-3.5 және ChatGPT-4 сияқты модельдер мықты жақтарын көрсеткенімен, анық әлсіз тұстары да болған.
Осыған байланысты арнайы пәндік тест жасау қажеттілігі туындаған.
— UTQA — бұл негізгі термодинамика курсының 50 күрделі тапсырмасынан тұратын тест. Бір ғана дұрыс жауабы бар сұрақтар берілген. Тапсырмалардың үштен екісі мәтіндік сипатта, ал үштен бірі — диаграмма мен сызбалардан тұрады. Бұл дидактикалық жаттығуларда жиі кездесетін формат, — деп түсіндіреді Хертель.
Мақсат тек фактологиялық білім мен анықтамаларды тексеру ғана емес, сонымен қатар тілдік модельдердің әртүрлі шектеу жағдайларын байланыстырып, күрделі процестер тізбегін түсіне алу қабілетін бағалау болған.
— Іс жүзінде бұл LLM модельдері оқытуда, қадағалаумен болса да, тіпті онсыз да, қазірдің өзінде пайдалы бола алатынын білдіреді. Алайда, оларды толыққанды тәуелсіз репетитор ретінде пайдалану үшін әлі жеткіліксіз. Сонымен бірге соңғы екі жылда үлкен жетістіктерге куә болдық. Егер даму үдерісі күрт тоқтап қалмаса, жақын болашақта біздің пән бойынша ассистент-оқытушы деңгейіне жету де мүмкін болады», — деп қорытындылады жоба жетекшісі.
Ал Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатыны айтылды.