Жасанды интеллект – болашақтың бөлшегі – Ғасыр Құралбайұлы
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жасанды интеллект – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Қоғамда оның әлеуетіне қызығушылық пен алаңдаушылық қатар байқалады. Ол біздің жұмысымызды, өмір салтымызды қалай өзгертеді? Қандай қауіптері бар? Осы және өзге де сауалдарға web бағдарламаушы, ЖИ сарапшысы, ұстаздарға арналған smart.gassyr.kz платформасының авторы, «Түркістан сақшылары» мультфильмінің жасампазы Ғасыр Құралбайұлы жауап берді.

– Ғасыр Құралбайұлы, жасанды интеллектінің қоғамға тигізетін пайдасы мен қауіптері қандай? Ол құрал ретінде дұрыс қолданылмаса, қандай салдары болуы мүмкін?
– Жасанды интеллект – бұл құрал. Қауіп оны қалай және кім қолданатынына байланысты. Егер ол заң мен этика аясында дұрыс пайдаланылса – қоғам үшін өте пайдалы. Бірақ бақылаусыз дамыса, кері әсері де болуы мүмкін. Жасанды интеллект адамзаттың құндылықтары мен этикалық шекарасын ескерместен дами берсе, онда біз өзіміз түсінбейтін және басқара алмайтын жүйелерге тәуелді болып қалуымыз мүмкін. Дегенмен, жасанды интеллекттен қорықпауымыз керек. Бұл – болашақтың бөлшегі. Технологиялық прогресті тоқтата алмаймыз. Ең дұрысы – оны меңгеру және өз қажетімізге бейімдеп пайдалану.
Жасанды интеллекттің негізгі тиімділігі – жылдамдық, нақты шешім қабылдау және ресурсты үнемдеу. Мысалы, үлкен деректерді бұрын адам бірнеше күн талдайтын болса, жасанды интеллект оны бірнеше секундта орындай алады.
Бүгінгі күні біз жасанды интеллектті түрлі салаларда көріп отырмыз. Мәселен, медицинада – диагноз қоюда көмекші құрал ретінде, кейде тіпті дәрігерлерден де дәл бола алады. Ал, білім беру саласында – оқушылардың деңгейін анықтап, оларға жеке бағдарлама құра алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект адамның физикалық әрі зияткерлік жүктемесін азайтады. Бұл адамдардың шығармашылық және күрделі ой еңбегіне көбірек уақыт бөлуіне жол ашады. Яғни, жасанды интеллект – адамның орнын басатын емес, оның мүмкіндіктерін арттыратын құрал деп қарауымыз керек.

– Жасанды интеллект кейбір мамандықтарды жойып, жаңаларын туғызады деген пікірді қалай қабылдайсыз? Қайта бейімделу және жаңа дағдыларды меңгеру ХХІ ғасыр адамы үшін маңызды ма?
– Иә, расында да, жасанды интеллекттің дамуы кейбір мамандықтардың біртіндеп жойылуына әсер етіп жатыр. Әсіресе қайталанатын, стандартты функциялар атқаратын салаларда — мысалы, кассирлер, операторлар, тіпті кейбір бухгалтерлік жұмыстарда жасанды интеллект қолданылып жатыр. Бұл – жаңа технологияның келуіне тән табиғи процесс. Бірақ бұл тек жұмыссыздық әкеледі деп алаңдауға болмайды.
Керісінше, жасанды интеллект жаңа жұмыс орындарын да тудырып жатыр. Мысалы, «жасанды интеллект тренері», «помпт-инженер», «алгоритм этикасы сарапшысы» деген секілді бұрын мүлде болмаған мамандықтарды көріп отырмыз. Сондай-ақ, жасанды интеллектті дұрыс пайдалана алатын білікті мамандарға сұраныс жылдан жылға артып келеді.
Ең маңыздысы — адамдардың осы өзгерістерге бейімделуі. Бүгінгі таңда ең үлкен сұранысқа ие қабілет — бұл жаңа нәрсені тез үйрене білу. Сондықтан мемлекеттер мен оқу орындары еңбек нарығындағы бұл өзгерістерге бейімделіп, қайта даярлау курстарын, кәсіби бағдарлауды күшейтуі керек деп ойлаймын.
Қысқаша айтқанда, жасанды интеллект тек жұмыс орындарын жоймайды, ол жұмыстың сипатын өзгертеді. Ал бізге маңыздысы — осы өзгерістерге дайын болу.
– Сіз жасанды интеллект көмегімен «Түркістан сақшылары» атты отандық мультфильм жасап шығардыңыз. Жоба қалай жүзеге асты. Қанша уақыт, қанша қаржы жұмсалды?
– Жобаға 10 күндей уақыт кетті. Жасанды интеллект көмегімен сценарий жазылып, кейіпкерлер Pixar стилінде жасалды. Midjourney, Sora, ChatGPT сияқты құралдар қолданылды. Бұл – жасанды интеллектті креативті салада пайдаланудың нақты мысалы. Подписканы 100 долларға сатып алдық. Ең алғашқы ChatGPT жаңартым жасағанда бірден осы мультфильм жасау керек дегенді шештім. Себебі, біздің Ютуб алаңымызда салыстырмалы түрде балалаларға арналған мультфильм өте аз екені жасырын емес.
Кейін мульфильи жарық көргенде кейбір кәсіби аниматорлар «мультфильмде эмоция жетіспейді» деп сынады. Бұл пікірмен келісемін. Алайда олар бір жобаны айлап жасайды және оған миллиондап қаржы жұмсайды. Біз 100 долларлық құралмен, қысқа мерзімде көрерменге лайық дүние жасап шықтық. Жоба өзін толық ақтады деп санаймын. Жасанды интеллект одан әрі жетіле түседі, болашақта эмоцияны да табиғи жеткізетін деңгейге жетеді деген сенім бар. Қазірдің өзінде көрермендер жылы қабылдап, жақсы пікірлер қалдыруда.

– ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдарын қолданғанда нені ескеру қажет? Мұндай жүйелерден алынған ақпаратқа толық сене беруге бола ма? Сыни ойлау мен ақпаратты тексерудің маңызы қандай?
– ChatGPT – бұл диалогтық жасанды интеллект моделі. Ол нақты фактілерге емес, ықтимал жауаптарға сүйеніп жұмыс істейді. Сондықтан кейде жалған ақпарат беруі мүмкін. Сол себепті кез келген ақпаратты тексеріп, сыни тұрғыдан бағалау қажет. Тағы бір маңызды ескерту – құпия ақпаратты енгізуге болмайды. ChatGPT – жеке деректерді өңдеуге арналмаған. Кейбір пайдаланушылар оған банк картасының деректері, жеке хаттар, құпия құжаттар жібереді. Бұл – өте қауіпті әрекет.
– Ия, соңғы кезде алаяқтарда жасанды интеллектті пайдалануға көшті. Бұдан қалай қорғануға болады?
– Өкінішке қарай, жасанды интеллект технологиясын тек пайдалы істерге емес, алаяқтыққа да қолданатындар көбейіп келеді. Мысалы, адамдардың дауысын жасанды түрде жасап, туысы немесе басшысы болып хабарласып, ақша сұрайтын жағдайлар тіркеліп жатыр. Сондай-ақ жалған видеолар (deepfake), жасанды фотолар арқылы адамдарды шатастырып, түрлі схемалармен ақша бопсалау оқиғалары артуда.
Бұдан қалай қорғануға болады? Ең алдымен күмән тудырған ақпаратқа сене бермеу керек. Егер сізге танысыңыз біртүрлі хабарлама жіберсе – міндетті түрде басқа арнамен, мысалы телефон арқылы нақтылап сұраңыз.
Дауыстық хабарламаларға сақ болыңыз. Қазір жасанды интеллект адамның дауысын бірнеше секунд ішінде көшіре алады. Сондықтан дауыстан бұрын – контекстке назар аудару керек. Күдікті жағдайда «код сөз» немесе бұрын келісілген тексеру тәсілін қолдануға болады.
Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жеке ақпаратты жария етпеңіз. Алаяқтар жасанды интеллект арқылы сіздің профиліңізді зерттеп, шынайы етіп алдап жазатын сценарий құра алады.
Антивирус пен киберқауіпсіздік құралдарын жаңартып отыру керек. Кейбір боттар жасанды интеллект арқылы сіздің құрылғыңызға шабуыл жасауы мүмкін.
Ақпараттық сауаттылықты арттыру керек. Бұл – ең мықты қорғаныс. Адам неғұрлым көп білсе, соғұрлым алданып қалуы қиын.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект скальпель секілді сияқты: жақсы ниетті адамның қолында емдеу құралы, ал жаман ниетті адамның қолында – қару. Сол себепті технологиямен бірге жауапкершілік те қатар жүруі тиіс. Ал бізге – әрдайым сергек болу маңызды.

– Қалай ойлайсыз, болашақта жасанды интеллект адамзат өмірін қалай өзгертеді?
– Болашақта жасанды интеллект адамзаттың өмір салтын түбегейлі өзгертеді деп ойлаймын. Бірақ бұл өзгеріс бір сәтте емес, біртіндеп, толқын-толқынмен келеді. Ең алдымен, біз жұмыс істеу тәсілімізді түбегейлі өзгертеміз.
Кейбір мамандықтар автоматтанса, жаңа мамандықтар пайда болады. Мысалы, қазірдің өзінде «ЖИ этикасы маманы», «помпт-инженер» сияқты бұрын болмаған қызмет түрлері сұранысқа ие.
Білім беру саласында – әр балаға жеке бейімделген оқу жүйесі пайда болуы мүмкін. Мұғалім емес, жасанды интеллект сіздің деңгейіңізге қарай нақты бағдарлама құрып береді. Бұл – білімнің жекеленуі мен сапасының артуына әкеледі.
Медицинада – ауруды ерте сатысында анықтап, алдын алатын жүйелер қалыптасады. Диагноз қою, емдеу жоспарын жасау – бәрі әлдеқайда дәл әрі жедел болады.
Қала өмірінде – «ақылды қалалар» пайда болады. Көлік кептелісі азаяды, коммуналдық жүйелер автоматты түрде басқарылады, тіпті қоғамдық қауіпсіздікті де жасанды интеллект алгоритмдері талдайтын болады.
Бірақ, ең маңызды өзгеріс – адам мен технологияның қарым-қатынасында болады деп ойлаймын. Біз жасанды интеллектпен күнделікті сөйлесіп, кеңес сұрап, жоспар құрып отыратын боламыз. Яғни, ол біз үшін жай құрал емес, ақылды серіктеске айналады.
Әрине, бұл өзгерістермен бірге этикалық, құқықтық сұрақтар да туындайды. Бізге жасанды интеллекттің адам еркіндігіне, жеке өміріне қол сұқпауын қадағалау қажет болады. Сол үшін технологиямен бірге адамзаттың сана-сезімі де өсуі керек.
Жалпы алғанда, жасанды интеллект адамзаттың өмірін жеңілдетеді, тиімді етеді, бірақ бұл өзгерістің бағыты – біздің өз қолымызда. Оны қалай қолданамыз – сол маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет!