Жасанды интеллект IT мамандарының орнын баса ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ақпараттық технологиялар саласы дамып, өз мамандары мен технологиялық компаниялары қалыптасты. Енді бұл сала жаңа белеске қадам басып отыр. Жасанды интеллектінің дамуы, білікті кадрға сұраныс және отандық IT компаниялардың болашағы туралы Қазақстанның ақпараттық технологиялар және инновациялар қауымдастығының президенті Ирина Сулименко Kazinform тілшісіне айтып берді.
10 қарашада Қазақстанда Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бүгінде бұл сала мамандарының еңбегі күнделікті тіршілігіміздің көп бөлігімен тығыз байланысты. Ақша аудару, мемлекеттік қызмет алу, тауар сатып алу, кәсіпорын жұмысын жүргізу – осының бәрінде ақпараттық технологиялардың үлесі бар.
Көпшілік күн сайын қолданатын цифрлық қызметтердің артында бағдарламашылар, инженерлер, жүйе әкімшілері, сарапшылар мен өзге де мамандардың еңбегі тұр. Ал жасанды интеллектінің кеңінен қолданыла бастауы бұл салаға жаңа талаптар қойып отыр.
Қазақстанның IT саласы соңғы жылдары қалай өзгерді? Отандық компаниялардың көкейінде қандай мәселе бар? Жасанды интеллект мамандарды алмастыра ала ма? Осы сауалдарды Ирина Сулименкоға қойдық.
– Ирина, соңғы жылдары Қазақстанның IT саласында қандай өзгерістер болды?
– Өзгеріс аз емес. Бұрын ақпараттық технологиялар туралы сөз болғанда, көпшілік бағдарламашыларды, сайт жасаушыларды немесе компьютер жөндейтін мамандарды елестететін. Қазір IT экономиканың барлық дерлік саласына араласты.
Күнделікті өміріміздің өзінен мысал келтіруге болады. Біз дүкенде тауар ақысын телефон арқылы төлейміз, мемлекеттік қызметті үйден шықпай аламыз, құжаттарды электронды түрде рәсімдейміз. Кәсіпорындарда өндіріс, қаржы, жүк тасымалы мен тұтынушыларға қызмет көрсету жұмыстары да біртіндеп автоматтандырылып жатыр.
Мұның бәрі өздігінен іске аспайды. Бір маман бағдарлама әзірлейді, екіншісі оның үздіксіз жұмыс істеуіне жауап береді. Тағы бірі ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді немесе кәсіпорынға жаңа жүйе енгізеді.
Қазақстанда осы саланың өз мамандары қалыптасты. Отандық бағдарлама әзірлеушілер, технологиялық компаниялар бар. Олардың арасында күрделі міндеттерді шешуге қауқарлылары да аз емес. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті кеңейтіп, мамандардың дамуына жол ашу.
– Соңғы кезде жасанды интеллект туралы жиі айтылады. Оған деген қызығушылық басқа IT мамандарының еңбегін екінші орынға ысырып жатқан жоқ па?
– Ондай қауіп бар. Жасанды интеллектінің мүмкіндігі көп болғандықтан, оған жұрттың назар аударуы заңды. Бұл технология бизнестің де, мемлекеттік басқарудың да, жалпы қоғамның да жұмысын өзгерте алады.
Бірақ IT дегеніміз тек жасанды интеллект емес.
Мәселен, адам мемлекеттік қызметті бірнеше минутта алғанда немесе кәсіпкер салық есебін электронды түрде тапсырғанда, оның артында қаншама маманның еңбегі тұрғанын аңғара бермейді. Бағдарламашылар, жүйе әзірлеушілер, ақпараттық қауіпсіздік және техникалық қолдау мамандары осы қызметтердің дұрыс жұмыс істеуіне күш салады.
Жүйе істеп тұрғанда олардың еңбегі көзге түсе қоймайды. Ал бір қызмет тоқтап қалса, оның күнделікті өмірімізге қаншалықты қажет екенін бірден түсінеміз.
Сондықтан жаңа технологияларды ғана дәріптемей, елдегі цифрлық қызметтердің жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегін де бағалауымыз керек.
– Шағын және орта бизнес те IT мамандарының көмегіне мұқтаж ба?
– Әрине. Қазір шағын кәсіпті де ақпараттық технологияларсыз жүргізу қиын. Мысалы, дүкен тауардың есебін жүргізіп, жеткізушілермен байланысып, төлем қабылдауы керек. Өндіріс орнына да кіріс-шығысты есептеу, құжат рәсімдеу, жұмыс барысын бақылау қажет. Мұның бәрі арнайы бағдарламалар арқылы атқарылады.
Алайда бағдарламаны сатып алу жеткіліксіз. Оны кәсіптің қажетіне қарай баптау, жұмысын қадағалау, уақытылы жаңарту керек. Бұл жұмысты IT мамандары атқарады.
Қазақстанда осындай бағдарламаларды әзірлеп, кәсіпорындарға енгізіп жүрген отандық компаниялар бар. Олар сауда, өндіріс, бухгалтерлік есеп және кәсіпорынды басқару жұмыстарын жеңілдететін шешімдер ұсынады.
Цифрландырудың пайдасы тек уақыт үнемдеумен шектелмейді. Ол қателікті азайтып, қаржы мен басқа да ресурстарды тиімді жұмсауға, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Сондықтан IT саласының дамуы кәсіпкерліктің өркендеуімен тікелей байланысты.
– Отандық IT компаниялар қандай қиындықтарға тап болып отыр? Қауымдастық басшысы ретінде қай мәселені бірінші атар едіңіз?
– Ең алдымен, мамандардың білімін үнемі жетілдіру қажет. Технология тез өзгереді. Бірнеше жыл бұрын озық саналған шешімнің өзі қазір жаңартуды қажет етуі мүмкін. Сондықтан мамандар жаңа құралдарды меңгеріп, үнемі ізденіп отыруы керек.
Бүгінде бағдарлама жаза білумен шектелу жеткіліксіз. Маман өзі жұмыс істейтін саланың қыр-сырын да түсінгені жөн. Мысалы, қаржы, өнеркәсіп, логистика немесе ауыл шаруашылығының өзіндік ерекшеліктері бар. Сол салаларды жақсы білетін IT мамандарына сұраныс артып келеді.
Екінші мәселе – отандық компанияларға мүмкіндік беру. Қазақстанда жергілікті заңнаманы, кәсіпкерлердің талабын және нарықтың ерекшелігін жақсы білетін бағдарлама әзірлеушілер мен технологиялық шешімдерді енгізетін компаниялар бар. Олардың әлеуетін пайдаланып, одан әрі дамытуымыз қажет.
Мемлекет, бизнес және кәсіби қауымдастық та бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Цифрлық салаға қатысты шешім қабылданғанда, сол талаптарды орындайтын компаниялардың тәжірибесі мен ұсыныстары ескерілгені жөн.
Қауымдастықтың міндеттерінің бірі – осы саладағы компаниялардың мүддесін қорғау, мамандардың пікір алмасуына жағдай жасау және отандық IT нарығының дамуына қолдау көрсету.
– Жасанды интеллект бұрын бірнеше сағат жұмсалатын жұмысты қазір әлдеқайда жылдам орындайды. Бұл IT мамандарының кәсібіне қалай әсер етеді?
– Әсер етеді, әрі өзгеріс қазірдің өзінде басталды. Жасанды интеллект бағдарламашыларға код жазуға, оны тексеруге, ақпаратты талдауға, құжат дайындауға және кейбір жұмысты автоматты түрде орындауға көмектеседі.
Бірақ мұны мамандықтың жойылуымен байланыстыруға болмайды. IT саласында жаңа құралдар пайда болған сайын мамандардың жұмысы да өзгеріп отырды. Кезінде көптеген жұмыс қолмен атқарылатын. Кейін бағдарламалау тілдері жетілдіріліп, жұмысты автоматтандыратын жүйелер мен бұлтты технологиялар пайда болды. Қазір сол өзгерістердің жаңа кезеңін бастан өткеріп жатырмыз.
Меніңше, жаңа құралдарды меңгерген маман ғана емес, сол құралдардың көмегімен қандай мәселені шешуге болатынын түсінетін адам ұтады.
Жасанды интеллект шешім ұсына алады. Бірақ оның дұрыс-бұрысын, қауіпсіздігін, кәсіптің талабына және заңнамаға сәйкестігін адам тексеруі керек.
Сондықтан алдағы уақытта техникалық біліммен қатар, талдау қабілеті, жұмыс үдерістерін түсіну және жаңаны тез үйрену де маңызды болады.
– Алдағы жылдары Қазақстанның IT саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Көп нәрсе осы уақытқа дейін жинаған тәжірибеміз бен мүмкіндігімізді қалай пайдаланатынымызға байланысты. Қазақстанда білікті мамандар, отандық бағдарлама әзірлеушілер мен технологиялық компаниялар бар. Күрделі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі де жинақталған.
Енді сол жетістіктермен тоқтап қалмай, мамандардың біліктілігін арттырып, отандық компанияларды қолдауымыз керек. Олардың өнімдері мен шешімдері Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие болғаны маңызды.
Меніңше, IT саласының ең басты байлығы – адам. Жаңа технологияға, құрал-жабдық пен инфрақұрылымға қанша қаржы салынса да, оны іске қосып, тиімді пайдаланатын білікті маман болмаса, одан нәтиже шықпайды.
Бүгінде IT саласында қандай мамандарға сұраныс жоғары және олардың жалақысы қанша? Бұл туралы осы материалдан біле аласыз.