Жасанды интеллект министрлігі жаңа логотипін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа логотипін таныстырды. Логотип Қазақстанның жоғары технологиялық әрі тұрақты цифрлық экожүйесін құруға бағытталған стратегиялық бағытын бейнелейді. 

Жасанды интеллект министрлігі жаңа логотипін таныстырды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Шеңбер — ұлттық мәдениет пен бірліктің негізі саналатын шаңырақты, сондай-ақ әлемдік масштаб пен планетаны білдіреді. Осылайша Қазақстанның әлемге ашықтығын айқындайды.

Шеңбер ішіндегі шаршы — ұлттық AI-инфрақұрылымының өзегін құрайтын микрочип пен суперкомпьютерлік жүйелерді білдіреді.

Тор — цифрлық матрицаны еске салады. Мұндағы әрбір ұяшық жалпы қозғалыстың: мемлекет, бизнес, ғылым мен қоғамның элементі.

Логотип түстері — дәстүр сабақтастығы мен болашаққа ұмтылысты бейнелейді.

— Жаңа белгі жоғары технологиялар мен ұлттық құндылықтардың символикасын біріктіре отырып, Министрліктің (ЖИ және цифрландыруды тұрақты даму мен ортақ өркендеудің қозғаушы күші ету) миссиясын айқын көрсетеді, — деп жазды ведомстводан.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз керек» деген еді. 

— Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс, — деді. 

Артынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.

 

Соңғы жаңалықтар