Жасанды интеллект өндірістегі қауіптерді алдын ала анықтайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі саласында жаңа тәсіл енгізіліп жатыр. 

Жасанды интеллект өндірістегі қауіптерді алдын ала анықтайды
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Енді жазатайым оқиғаларды тек тіркеумен шектелмей, олардың алдын алуға басымдық берілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, еңбек қауіпсіздігіне көзқарас өзгеріп жатыр. Бұған дейін тексерулер көбіне бұзушылықтарды анықтауға бағытталса, енді қауіптің алдын алуға мән беріледі.

— Қазір келісімшарттар, тексерулер және жазатайым оқиғаларды тергеу бір жүйеге біріктірілді. Соның негізінде еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы жасалды, — деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, бұл карта қауіпті жағдайларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
— Енді қауіп оқиға болғаннан кейін емес, соған дейін байқалады. Бұл жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті күшейтеді, — деді Бахтияр Жазықпаев.

Сонымен қатар жүйеге жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр.

— Жасанды интеллект жазатайым оқиғалардың себептерін саралап, олардың алдын ала болжауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Оның айтуынша, мұндай тәсіл формалды тексерулерді азайтып, нақты қауіпсіздікке басымдық беруге жол ашады.

— Ең бастысы — қағаз жүзіндегі есеп емес, жұмыс орнындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, — деп атап өтті вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек министрлігі әлеуметтік қызметтерге бақылауды күшейтпек.

Соңғы жаңалықтар