Жасанды интеллект және азаматтық қорғаныс - бүгінгі Мәжіліс отырысының басты тақырыптары

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң жобасын бірінші оқылымда, «Азаматтық қорғау мәселелері» бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қарайды.

Жасанды интеллект және азаматтық қорғаныс - Мәжіліс отырысының басты тақырыптары
Коллаж: Kazinform/Рexels

12 мамырда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, онда бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған болатын.

Сонымен Бірінші оқылымда Мәжіліс депутаттарының қарауына «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң жобасы және оған ілеспе түзетулер ұсынылады. Аталған заң жобаларын Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін Мәжіліс депутаттары әзірлеп отыр. Есте болса, сол құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиістігін баса айтқан еді.

құрылтай
Фото: Ақорда

- Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады. Осы орайда, инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады. Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын, - деген еді Президент.

Жаңа заң жобасының мақсаты – жасанды интеллект технологиялары мен жүйелерін қолдануға арналған бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыру, оларды әртүрлі салаларда қауіпсіз, этикалық және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Ілеспе түзетулер жасанды интеллектіні пайдаланатын өнімдерге қатысты тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, мұндай жүйелер арқылы өңделетін дербес деректердің қорғалуын, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жасалған медиаөнімнің таратылу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар жасанды интеллект жүйелерінің иелері немесе меншік иелері үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Негізгі баяндамашы - Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева.

Екатерина Смышляева
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Депутаттардың қарауына екінші оқылымда «Азаматтық қорғау мәселелері» бойынша заңнамалық түзетулер ұсынылады. Олар тиісті органдар қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға, адамдар көп жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі бақылауын қайтаруға, сондай-ақ бірқатар басқа норманы іске асыруға бағытталған. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар азаматтық қорғау органдарының мұқтаж қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелерін шешуге қатысты түзетулер енгізді. Атап айтқанда, тұрғын үй төлемдерін алу құқығын беру және қызметтік пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр. Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Аян Зейнуллин жасайды.

 Аян Зейнуллин
Фото: parlam.kz

Заң жобасы азаматтық қорғау жүйесін кешенді жетілдіруге, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық мәртебесін жақсартуға, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормаларды өзектендіруге, азаматтық қорғаныс тетіктерін дамыту мен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Құжатты қабылдау қауіп-қатерлерге ден қоюдың құқықтық және ұйымдастырушылық негізін күшейтуге мүмкіндік береді, Қазақстан Республикасында азаматтық қорғау жүйесінің орнықты жұмыс істеуі үшін жағдай жасайды.

Мәжіліс бүгін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған жағдайда ол Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.

Сондай-ақ Палата қарауына 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы енгізіліп отыр. Қор оған мүше мемлекеттердегі экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, тұрақты дамуға жәрдемдесу мақсатымен құрылған. Хаттама Қорды дербес халықаралық ұйым ретінде қайта құруды көздейді.

Сонымен қатар Мәжіліс Франция Республикасының Үкіметімен жасалған реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алатын болады.

Әдеттегідей, әр заң депутаттар тарапынан талқыланып болғаннан кейін негізгі баяндамашылар БАҚ өкілдерінің алдына шығып, тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.

Ал Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан соң депутаттар Үкімет мүшелерінің атына депутаттық сауалдар жолдауы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар