Жасанды интеллектіден қандай қауіп бар

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект теріс пиғылды адамның қолына түссе, зор қауіп төндіреді. IT-сарапшылар ЖИ-ден қандай қатер келуі мүмкін екенін, одан қалай қорғану керектігін айтты.

Жасанды интеллект
Фото: Kazinform/ DALL-E/ Freepik

— ChatGPT-ді айтар болсақ, көп адам оны досы секілді көреді. Жай әңгіме айту үшін қолданады. Бірақ сіз «ол достың» бәрін есіне сақтап алатынын ұмытпауыңыз керек. Болашақта да ол сіздің досыңыз болып қала бере ме дегенді ойлана жүру керек. Сондықтан онымен әңгімелескенде онша таныс емес адаммен ресторанда отырып сөйлескендей арақашықтық сақтап сөйлессеңіз, ешқандай қауіп жоқ. Бірақ өзің жайлы тым жеке мәліметтерді айтуға болмайды. Ақшаны қайда сақтайсыз, қандай әлсіз тұстарыңыз бар, ондайды көп айта бермеген дұрыс, - дейді Astana Hub бас директорының кеңесшісі, стартаптар мен технологияларды дамыту саласындағы сарапшы Данабек Қалиаждаров.

Маман жасанды интеллект бәс тігуге әуес адамдарды өзі анықтап алып, оған сондай жарнамаларды ұсынуы мүмкін екенін айтады. Мұндай жағдайда ЖИ «мына жерден кредит алып, мына ойынға бәс тік» десе, онсыз да құмар ойынға тәуелділігі бар адам оның айтқанын орындап қоюы ықтимал.

IT-кәсіпкер, IT-сарапшы және ментор Азат Есенов ЖИ-дің адамға қауіпті тағы бір қырын айтты.

— Бизнесте жасанды интеллект байланыс орталықтарының қызметіне енгізілген. Бұрын маған біреу қоңырау шалса, мен бірнеше секундта-ақ оның адам әлде робот екенін түсіне қоятынмын. Қазір де маған спам-қоңыраулар түсіп тұрады. Кейбіреуінің артында бір дыбыстары, кідірісі болады, тіптен оның жасанды интеллект екенін аңғармай қаласың. Осы мүмкіндікті алақтар қолдана алады. Бұны бірінші қауіп деп айтар едім, - дейді маман.

Сондай-ақ, ол мұндай жағдайда қолданылатын ең тиімді лайфхакты да атап өтті.

— Қоңырауды жасанды интеллект шалып тұр деп күдіктенсеңіз, бірден «қазақша сөйлеңіз» деп айтыңыз. Сонда ол байланысты үзе қояды. Бірақ бұл тәсіл де уақытша ғана жарамды. Алдағы бірнеше жылда бұл кедергіні де олар жоя алады деп ойлаймын, - дейді сарапшы.

Айта кетейік, Азат Есенов — Upwork халықаралық платформасында екі түрлі командамен Top Rated статусын алған жалғыз қазақстандық.

Осыған дейін жасанды интеллект қолданатын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау шаралары әзірленгені туралы хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар