«Жасыл даму» қаржысына жаңа автобустар сатып алынады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте тасымалдау қызметін өзін-өзі реттеу ұйымдары арқылы реттеуге арналған заң жобасын таныстырған Көлік министрі Марат Қарабаев «Жасыл даму» қаржысына облыстар арасына қатынайтын жаңа автобустар сатып алынатынын айтты.

Заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ескірген автобустардың мәселесі қалай шешілетінін сұрады.
«Сіз шетелде болып, туризмді көріп жүрсіз. Ол жерде көліктің ықпалы өте жоғары. Қосқабатты автобустар, «комфорт» санатындағы таксилері бар. Біздің Қазақстанға қарасаңыз, көбінің тозығы жеткен. Астана қаласының маңындағы базардағы автобустардың өзін қарасаңыз, содан түсінуге болады. Халықаралық деңгейде жүретін автобустардың тозу көрсеткіші 84 пайыз. Облыстар арасында жүретін автобустардың 68 пайызының тозығы жеткен. Осы автобус паркін қалай жаңартасыздар?», - деп сұрады депутат.
Көлік министрі бұл мәселені «Жасыл даму» қорының есебінен шешу жоспары бар екенін айтты.
«Екі жыл бұрын үлкен бағдарлама басталды. Соның шеңберінде 3 мыңға жуық қалалық автобус жаңартылды. Нәтижесінде, қалалық автобустардың тозу деңгейі 52%-дан 22%-ға дейін төмендеді. Сол жаңарту несиесінен револьвер түрінде келген 30 миллиард теңге бар. Содан соң «Жасыл даму» арқылы бұрын бөлінген жүз миллиард теңге бар. Содан түскен револьверлік ақшаны тағы да бір бағыт ретінде халықаралық және облысаралық көлік қатынасына қатысатын автобустарды сатып алуға жұмсамақшымыз. Соның есебінен жаңартуды көздеп отырмыз», - деді Марат Қарабаев.