Жасыл-Ел Тараз биыл 605 жұмысшысының міндетті зейнетақы жарнасын аудармаған

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының прокуратурасы Тараз қаласында еңбек және зейнетақы заңнамасын бұзуға қатысты 742 құқықбұзушылықты анықтады. Бұл туралы өңірдегі прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Тексеру барысында «Жасыл-Ел Тараз» ЖШС 2025 жылдың басынан бері 605 жұмысшыға тиесілі 24 миллион теңге көлеміндегі міндетті зейнетақы жарнасын төлемегені белгілі болды.

Сондай-ақ, Тараз қалалық білім бөліміне қарасты 19 зейнеткердің де үш миллион теңге көлеміндегі зейнетақы жарнасы аударылмағаны анықталған.

Жүргізілген тексерулер нәтижесінде жұмыс берушілерге жалпы сомасы 27 миллион теңгені құрайтын зейнетақы жарналарын толық өтеу міндеттелді.

Бұдан бөлек, прокуратура мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша да шаралар қабылдаған. Нәтижесінде өңірде мүгедектігі бар 41 қызметкердің жұмыс уақыты қысқартылды. 45 адамға жұмыссыздық бойынша жәрдемақы тағайындалып, 10 адам кәсіби оқуға жіберілді, ал 22 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алды.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысындағы жолдағы ақаулар үшін мердігер 1,9 млн теңге айыппұл төлейді.

Соңғы жаңалықтар