Жасыл елге — 20 жыл: 5 мыңнан аса астаналық жас еңбек маусымын бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Бағдарлама аясында еңбек еткен жастарға айына 64 565 теңге жалақы беріледі.

Бүгін Астананың Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХXI еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды.

— Биыл «Жасыл ел» бағдарламасына 20 жыл, бүгін жаңа еңбек маусымының ашылуына келіп отырмыз. Былтыр Астана қаласы бойынша «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 4 мың бала еңбек етті, сұраныстың артуына байланысты қала басшылығына бюджеттен қаржы қарастырып, биыл 5200 жасөспірім және жастардың еңбек етуіне мүмкіндік жасалды. Аталған бағдарлама 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтарға арналған, жалақы төленеді. Осылайша, әр жас азамат нәпақасын тауып, жаз бойы еңбектенеді. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтіп жатыр, — деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, қала әкімінің гендерлік мәселелер бойынша кеңесшісі Назгүл Мағжан.

Оның айтуынша, «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды еңбекке баулиды, сонымен қоса қызығушылығы ортақ жастардың басын біріктіреді.
— Жастарды тазалыққа, еңбекқорлыққа баулиды, жастар осы жерден өзіне дос табады, көпшілікпен жұмыс істеуді үйренеді. Жұмыс жас ерекшелігіне қарай бөлінеді, жасөспірімдер мектеп жанындағы жасыл-желекке жауапты болады, ағаш суару, қоқыс жинау, арам шөптерді жұлу тағы сол сияқты жұмыс істейді, яғни жеткіншектерге ауыр жұмыс берілмейді. Жасөспірімдер ата-анасының рұқсатымен ғана жұмыс істейді, — дейді ол.
«Жасыл ел» бағдарламасы аясында еңбек еткен жастарға айына 64 565 теңге жалақы беріледі. Жасөспірімдер аптасына 5 күн, ал күніне 4 сағат жұмыс істейді.

— «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы осымен екінші жыл жұмыс істеп жатырмын, маған ұнайды. Жұмыстан тыс көптеген өте қызықты іс-шаралар өтеді. Өзімізге де пайдалы, қоғамға да пайдамыз тиеді, айлық уақтылы төленеді. Жастарды жұмыс істеуге шақырамын, жұмыс қиын емес, қоқыс жинаймыз, ағаш суарамыз, арам шөптерді жұламыз тағы сол сияқты. Арнайы форма береді және қажетті құрал-жабдықпен қамтиды. Жұмыс кезінде қасымызда колледж ұстаздары және «Жасыл ел» бағдарламасының өкілдері жүріп, жұмыс барысын қадағалайды, — дейді 16 жасар колледж студенті Бекжан Алдаберген.

Сондай-ақ Есіл өзені жағасында орналасқан амфитеатрға жиналған еңбекқор жастар концерт тамашалады.
— Қайырлы кеш, жалынды жастар! Сіздерді «Жасыл ел» 21-і еңбек маусымының салтанатты ашылуымен құттықтаймын. Астана қаласының әкімдігі жастарды еңбекке баулуға ерекше көңіл бөледі. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі. Сіздер көпке үлгісіздер, қоршаған ортаны таза ұстауға, адал еңбек ететіндеріңізге сенеміз. Еңбек маусымы сәтті өтсін, — дейді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Атымтаев.
Айта кетейік, аталған жоба жыл сайын Қазақстан бойынша 30 000-нан астам жасты маусымдық жұмыспен қамтиды. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасына 140 мың студент қатысады.