Жасыл несиеге басымдық: Қазақстан тұрақты дамуға $610 млрд қайдан алады
Қазақстанда биылғы наурыздың соңында тұрақты қаржы нарығының көлемі 227,8 млрд теңгені құрады. Ал еліміздің 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізуіне 610 миллиард доллар инвестиция қажет. «Жасыл» несиелер ел экономикасын көтере ала ма, жоқ па және бүгінде Қазақстанда тұрақты қаржы нарығы қалай дамып жатыр? Бұл туралы Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

Тұрақты дамуды қаржыландырудың алғышарты
Соңғы 100 жылда ауа температурасы бүкіл планетада 0,5-4 градусқа жоғарылады (орта есеппен 0.9oC). Төмендегі картадағы қара қызыл дақтар 2060 жылы шөлейттену болжамын көрсетеді.

Жаһандық жылынудың негізгі себебі – парниктік газдардың шығарылуы.

Температураның жоғарылауынан табиғи апаттар болып, жаһандық зардаптарға әкелді. Өкініштісі, олар тұрақты түрде жиілеп келеді.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, ауа райының қолайсыздығынан жаһандық шығын 2007 жылдан 2017 жылға дейін 86%-ға өсті және 2017 жылдың өзінде 100 миллиард долларды құрады.
Жаһандық климат өзгеруіне қарсы күресте әлем елдері бірікті
Бұл жағдайдың қайтымсыз процестерге әкелетінін түсінген 190 мемлекет Париж келісіміне қол қойды. Сөйтіп елдер жаһандық температураның өнеркәсіпке дейінгі деңгейден (1850-1900 ж.ж.) 2°С жоғарылауын шектеуді, сонымен қатар температураның жоғарылауын 1,5°С-қа дейін шектеу үшін жұмыла жұмыс атқаруды мақсат етті.
Париж келісіміне қол қойған елдер шығарындыларды азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге және оларды әрбір 5 жыл сайын жаңартуға міндетті. Олар Ұлттық деңгейде белгіленген жарналар (ОНУВ) құйып отыруға уағдаласты, сөйтіп 186 мемлекет өзінің жарнасын белгіледі.
Ал 137 ел көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жариялады. Көміртегінің бейтараптығы осы ғасырдың екінші жартысында антропогендік шығарындылар мен парниктік газдар шығарындыларының сіңірілуі арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу арқылы жаһандық жылынуды 2°C-қа дейін шектеу (1,5°C) мақсатымен көмірқышқыл газы шығарындыларын нөлге жеткізуді көздейді.

Қоршаған ортаны сақтамай, алға жылжу мүмкін емес
Сонымен қатар, елдер қоршаған орта мен ресурстар сақталған жағдайда ғана алға жылжу мүмкін екенін түсінді. Бұл тұрақты даму деп аталады. Ол үш қағидатқа негізделген: қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау (Environment), әлеуметтік жауапкершілік (Social) және корпоративтік басқарудың тиімді жүйесі (Governance), яғни ESG.
Қоршаған ортаға оң әсер ететін жобаларды (жасыл облигациялар), нақты әлеуметтік топтарға (әлеуметтік облигациялар) және қоршаған ортаға оң әсерін тигізетін өнімдерді, жеке әлеуметтік топтарды (тұрақты даму байланыстары) қамтитын ESG қаржыландыру тұжырымдамасын анықтады.
Облигациялар – оны шығарған субъектінің (қарыз алушының, эмитенттің) меншік иесінен (ұстаушыдан) белгілі бір қарыз сомасын алғанын растайтын және оны белгіленген мерзімде қайтаруға, сондай-ақ купонды (пайыз) төлеуге міндеттенетін борыштық бағалы қағаз.
Мысалы, жасыл облигациялар – түсімдері жаңа немесе түсімі бар «жасыл» (экологиялық) жобаларды толығымен немесе бір бөлігін қаржыландыруға пайдаланылатын борыштық құрал.

Айта кету керек,ESG қаржыландыруымен қатар ESG инвестициялау тұжырымдамасы пайда болды. Бұл – инвесторлар қоршаған ортаға және қоғамға оң әсер ететін компанияларды қолдауға міндеттенетін және инвестициялық үдерісте әлеуметтік, экологиялық және басқару тәуекелдерін бағалайтын әлеуметтік жауапты инвестициялау түрі.
Бұл ретте екінші пікір алу немесе жобаның тұрақты жобалар критерийлеріне сәйкестігін тексеру түріндегі бағалау халықаралық стандарттарға, ұлттық және аймақтық таксономияларға (таксономия – жүйелеу, жіктеу) сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Әлемде мұндай баға беретін ұйымдар санаулы ғана.

Қазақстанда мұндай ұйым біреу. Ол – Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) «Жасыл қаржы орталығы» ғана. Оны ICMA халықаралық капитал нарығы қауымдастығы мойындады және Climate Bonds Initiative (CBI) аккредитациясынан өткен. Бүгінде жасыл жобаларды ілгерілетуде АХҚО Жасыл қаржы орталығы көш бастап тұр. Қазақстандағы шығарылған жасыл облигациялар мен несиелердің 60%-ын АХҚО Жасыл қаржыландыру орталығы бағалады. Сонымен қатар, «Жасыл қаржы орталығы» консалтингтік қолдау көрсетеді және жобаларды сүйемелдейді.
Сыртқы бағалауды алу жобаның өз портфолиосы үшін ESG облигацияларын іздейтін тематикалық инвесторлар тарапынан қаржыландырылу мүмкіндігін арттырады. Ал, сыртқы бағаланған жобаларға берілетін несиелер таңбаланған жасыл несиелер деп аталады.
Қазақстанда тұрақты қаржы нарығы қалай дамып келеді?
Әртүрлі елдердің үкіметі өзінің ұзақ мерзімді даму стратегияларына тұрақты даму қағидаттарын қосады, Қазақстан да бұл тұрғыда тыс қалған емес. Осылайша, еліміз 2013 жылы қоршаған ортаның сапасы мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың негізін қалады және жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын қабылдады. Тұжырымдамаға сәйкес, жасыл экономикаға көшу үшін қажетті инвестиция көлемі жыл сайын ЖІӨ-нің шамамен 1%-ын құрайды, бұл жылына 3-4 млрд долларға тең.
Басқа елдер сияқты Қазақстан да 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу ниетін мәлімдеді. Көміртегі бейтараптығы стратегиясына сәйкес, Қазақстандағы көміртегінің төмен деңгейін дамытуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге арналған таза инвестиция 610 миллиард долларға бағаланады, алайда тікелей мемлекеттік инвестициялар жалпы инвестицияның 3,8%-ы ғана – тым аз үлесті құрайды. Инвестициялардың жартысынан астамы немесе 386,3 миллиард доллар ресурстық секторлардан экономиканың жасыл секторларына қайта бағытталады. Тағы 223,7 миллиард доллар – талап етілетін жаңа инвестициялық ресурстар.
Тұрақты қаржыны дамыту аясында ел жасыл қаржы нарығын қалыптастыруды өз мойнына алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда жасыл қаржыландыру тетіктері қалыптасты, нарықтың жұмыс істеуі мен дамуының нормативтік-құқықтық базасы құрылды.
«Жасыл қаржы» тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі мен Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген. Шағын және орта кәсіпкерлік секторындағы эмитенттерді заңнамалық деңгейде ынталандыру: жасыл жобаларды іске асыру үшін берілген несиелер бойынша мөлшерлемені және жасыл облигациялар бойынша купондық мөлшерлемені субсидиялау, сондай-ақ жасыл облигациялар бойынша кепілдіктер енгізілді.
Сондай-ақ, 2021 жылы «Жасыл таксономия» – қолданыстағы табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге бағытталған жасыл жобалар санаттарын жіктеудің бірыңғай жүйесі қабылданды.
Қазақстандағы алғашқы жасыл несиелер
АХҚО дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы тұрақты қаржы нарығы 2020 жылы іске қосылды. Ал таңбаланған жасыл несиелендіру нарығы 2021 жылдың қыркүйегінде Еуразиялық даму банкі мен «Батыс транзит» АҚ «Атырау қаласындағы көшелерді жарықтандыру желілері» жобасын қаржыландыру үшін 3,6 млрд теңгеге жасыл несиелік келісімге қол қойған кезде басталды.
Қазақстандағы тұрақты қаржы нарығы 2024 жылғы наурыздың аяғында барлық тіркелген жасыл облигацияларды, әлеуметтік облигацияларды және таңбаланған жасыл несиелерді (белгіленген несиелер – LMA/LSTA жасыл несиелеу саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес берілген несиелер) есепке алғанда 277,8 млрд теңгені құрады.
Қазақстандағы жасыл облигациялар мен жасыл несиелерді шығарудан түсетін түсімдер негізінен энергия тиімділігін арттыру жобаларына (көшелерді жарықтандыру желілерін салу және пайдалану, электр желілерін қайта құру), сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері жобаларына және басқа да аралас жасыл жобаларға бағытталады.
Мақсатты индикаторларға қол жеткізу қатаң бақылауға алынды
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы секторын реттеуге ESG қағидаттарын енгізу бойынша Жол картасын іске асыра бастады. Жол картасына сәйкес, 2024 жылы қаржы институттарының жарияланған жылдық есептерінің, оның ішінде жасыл несиелер бойынша есептіліктің шеңберінде қаржы секторында міндетті ESG есептілігін енгізу жоспарланған.
АХҚО сарапшыларының пікірінше, банктерден жасыл несиелер көлемі туралы деректерді әмбебап жинау жасыл инвестициялардың жалпы көлемін жақсырақ бағалауға және жасыл жобаларды ынталандыру шараларына ықпал етер еді. Бұл ретте «Жасыл таксономия» құралын банктердегі жасыл несиелерді бақылау үшін есеп беру жүйесін құруға пайдалануға болады.
Бүгінгі таңда АХҚО Жасыл қаржы орталығы жасыл капитал (Green equity)/жасыл IPO (Green IPO) сияқты жаңа жасыл өнімдерді дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл орталық сарапшыларының пікірінше, жасыл жобаларға инвестиция салу және қазақстандық эмитенттердің сұранысын тудыруы болуы мүмкін.
Сарапшылар мемлекеттер қаржы нарығына шығу арқылы жеке сектор мен инвесторларға тұрақты даму ниеттері туралы күшті сигнал береді деген пікірде. Ал тұрақты даму бойынша құралдарды шығару қосымша инвестиция көздерін тарту және эмитенттерді капитал нарықтарын пайдалануға ынталандыру арқылы ішкі нарықты дамытудың тағы бір катализаторы бола алады.
Айтпақшы, жақында Дүниежүзілік банктің Атқарушы директорлар кеңесі елдегі тұрақты және әділ экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған реформалар сериясының бірінші кезеңін – Қазақстандағы жасыл және инклюзивті экономикаға көшуді қолдауға арналған 600 миллион долларлық операцияны мақұлдады.
Егер аталған шаралар уақытылы орындалса және қажетті инвестициялар тартылса, еліміз тұрақты дамуды қаржыландырудағы мақсатын орындап, экологияны сақтап, көміртегі бейтараптығына қол жеткізген мемлекеттің қатарына кіретіні сөзсіз.