«Жасыл» салық енгізу туралы ұсынысты жан-жақты талдау қажет — Экология министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қазақстанда «жасыл» салық енгізу жөніндегі депутаттардың ұсынысына түсініктеме берді.

—«Жасыл» салық қандай өнімдерге, қанша көлемде енгізіледі қазір нақты айту өте қиын. Себебі бұл іс жүзінде барлық салаға әсер етеді. Сондықтан үлкен салыстырмалы макроэкономикалық талдау қажет, — деді Жомарт Әлиев Астанада өткен IX еуразиялық бизнес форумда БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ вице-министр аталған мәселенің күн тәртібінде тұрғанын айтып отыр.
— Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Үкімет басшысының радиоактивті қалдықтардан басқа қалдықтарды басқару тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырмасы бар. Қазір бұл тұжырымдама біздің министрлікте әзірлену сатысында. Оған барлық мүдделі тарап, оның ішінде бизнес-қоғамдастық пен депутаттық корпус та тартылған, — деп түсіндірді ол.
Министр орынбасарының айтуынша, жаңа тұжырымдама жобасын алғашқы қоғамдық талқылауға биыл қыркүйекте шығару жоспарланып отыр.
— Егер тұжырымдама жобасында қалдықтарға қатысты жеке заң жобасын әзірлеу қажеттігі нақты көрсетілсе, біз оған келеміз деп ойлаймын. Бұл мәселе тұжырымдама аясында шешіледі, — деп толықтырды Жомарт Әлиев.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Қазақстанда қалдықтарды басқару бойынша жеке заң жобасын әзірлеуді ұсынып, «жасыл» салық енгізуді алға тартты.