Жасымықтан дайын өнім экспортқа шығара бастадық – Ауыл шаруашылығы министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз жасымық экспорты бойынша әлемде 6-орынға көтерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Жасымықтан дайын өнім экспортқа шығара бастадық – Ауыл шаруашылығы министрі
Фото: Үкімет

– Жоғары сұранысқа ие өнімдердің бірі – жасымық. Бұрын біз оны Түркияға шикізат ретінде экспорттап, оны қайта жарма түрінде жоғары бағамен сатып алатынбыз. Қазіргі уақытта Қостанай облысындағы Кайзен, Ақмола облысындағы Гаранти Экспорт және Анка груп кәсіпорындарының іске қосылуы нәтижесінде ішкі нарық қамтылып, бүгінде дайын өнім экспортталып жатыр, - деді Айдарбек Сапаров.

Оның мәліметінше, Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде 6-орында және оны одан әрі дамытуда үлкен әлеуетке ие.

– Жалпы, осы жылы дәнді-бұршақты дақылдар бойынша 1 млн тонна көлемінде рекордтық өнім жиналып, 56 пайызға өсті. Оған қоса, олар топырақты азотпен байытатын, кейінгі дақылдардың өнімділігін арттыратын жақсы дақыл. Осыған байланысты егіс алқаптарын әртараптандыру жалғастырылады, - деді министр.

Оның атап өтуінше, астықты терең өңдеу бағыты да дамуда. Қазіргі уақытта республикада глютен, биоэтанол және крахмал өндіретін 3 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы қуаты 500 мың тоннадан асады. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

– Осы ретте шығарылатын өнім түрлері кеңейтіліп, глутамат, треонин, лейцин, лизин сияқты аминқышқылдарын өндіру жолға қойылады. Бұл жобалар Түркістан, Жамбыл, Ақмола, Қостанай облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылатын болады, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ол майлы дақылдар өсімдік шаруашылығының табыстылық драйверіне айналғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум