Жасөспірім 18 жастағы қызды пышақтаған: Астана прокуратурасы істің мән-жайын жария етті
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жасөспірім қызғаныштан 2006 жылы туған қызды пышақтап өлтірмек болған. Абырой болғанда, көптеген жарақат алған қыз аман қалған. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының аға прокуроры Азамат Тоқтарбай айтты.

Қылмыс 2024 жылдың 25 мамырында жасалған. Жасөспірім күдікті таныс қызды пәтерден сыртқа бейнебақылау камералары орнатылмаған баспалдақ алаңына шығуға көндірген.
— Сол жерде бірнеше рет өмірлік маңызды органдарына аңшы пышағымен жарақат салған. Жасөспірім бұл әрекетін алдын ала жоспарлап, пышақ пен қолғап дайындаған, — дейді аға прокурор.
Қыз ауыр жарақат алғанына қарамастан, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды.
2025 жылғы 3 ақпанда сот жасөспірімді Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі (Кісі өлтіруге оқталу), сондай-ақ 287-бабының 1-бөлігі (Суық қаруды заңсыз алып жүру) бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыс жиынтығы бойынша ол 5 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, кісі өлтіргені үшін Қылмыстық кодексте өмір бойына, ал қаруды заңсыз қолданғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот жасөспірімнің жастығына қарамастан, оның әрекеті мақсатты және ерекше қатыгездікпен жасалғанын ескерді.
Еске салсақ, жуырда Ақтауда бір топ жасөспірім 11-сынып оқушысына оқ атып, ауыр жаралады.