Жасөспірімдер Олимпиадасы: боксшы Марал Төлепберген жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық былғары қолғап шебері Марал Төлепберген Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасының ширек финалында жеңіске жетті.
Отандасымыз 54 келіге дейінгі салмақтың ширек финалында мысырлық боксшы Хаджер Эльшербини Вахбамен қолғап түйістірді.
Үш раундтың қорытындысы бойынша Марал Төлепберген 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.
Айта кетейік, бұған дейін Ақнұр Тұрсынғали (57 келі) және Бибарыс Әшірбай (70 келі) жартылай финалға өткен еді.
Еске салайық, мұның алдында қазақстандық велошабандоз Әнел Тәшбай жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарғанын жазған едік. Отандасымыз жекелей уақытқа жарыста алтын медаль жеңіп алды. Ол қашықтықты 11 минут 32.57 секундта жүріп өтті.