Жастар арасындағы Азия чемпионаты: Қазақстан боксшыларының дайындығы қандай

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан 30 шілде мен 12 тамыз аралығында Бангкок (Таиланд) қаласында World Boxing ұйымдастыруымен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтпек. Аталмыш жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысады. Ал бәсекелестік деңгейді өте жоғары болмақ. Осыған орай Olympic.kz боксшылардың дайындығы туралы ақпарат ұсынды.

бокс
Фото: ҚР ҰОК

Жуырда Таиланд астанасы Бангкокта бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Бұл – World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтетін алғашқы құрлық біріншілігі. Сонымен қатар аталған додаға 25 елдің былғары қолғап шеберлері қатысады деп жоспарланған.

Қазақстан жастар құрамасы соңғы дайындық кезеңі Қырғызстан елінде өтіп жатыр. Ұлттық құрама боксшыларын Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырып жатыр.

- Біз Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Жиын барысында физикалық және техникалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар Қырғызстан ұлттық құрамасымен бірлесіп қарқынды жаттығу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар жаттығу жекпе-жектері өткізілді, - деді Бақыт Сәрсекбаев.

Қазіргі Қазақстан жастар құрамасына зер салсақ, бірқатар өзгерістің болғанын көреміз. Себебі әр дайындықтың нәтижесінде іріктеу жұмыстары жүргізілді. Құрлық біріншілігіне аттанатын толық ерлер құрамы төмендегідей:

50 келі: Нұрзат Оңғаров

55 келі: Бексұлтан Боранбек

60 келі: Нұрислам Қалдыбаев

65 келі: Илья Калинин

70 келі: Нұрбек Мұрсал

75 келі: Аман Қонысбеков

80 келі: Санжарәлі Бегалиев

85 келі: Азатбек Жолдасхан

90 келі: Темірлан Мұқатаев

90 келіден жоғары: Нұрасыл Асылхан

Құрамда Санжарәлі Бегалиев, Бексұлтан Боранбек (екеуіде жастар арасында 2024 жылғы әлем чемпионы) және Нұрзат Оңғаров сынды дарынды боксшыларды байқауға болады. Аталған спортшылар бұған дейін өткен бірнеше халықаралық жарыстарға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.

Сонымен қатар бұған дейін Шри-Ланкада өткен Азия чемпионатында жеңіске жеткен Нұрислам Қалдыбаев (60 келіге дейін), Аман Қонысбеков (75 келіге дейін) және Азатбек Жолдасхан (85 келіге дейін) бар. Бұл боксшылардан да жоғары нәтиже күтуге болады.

Жалпы алғанда ұлттық құрам кіл мықтылармен жасақталды. Бұл дегеніміз әр спортшыға артылатын міндеттердің де көп болатынын білдіреді.

Одан бөлек жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев іріктеу жұмыстары қалай өткенін және алдағы жоспары туралы айтып берді.

- Әр салмақта өткен жаттығу жекпе-жектерінің нәтижесінде ең үздік спортшылар іріктелді. Іріктелген боксшылардың барлығы Таиландқа барады. Ал Азия чемпионатынан кейін қалыпқа келу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы жарыстан үлкен нәтиже күтеміз. Себебі турнирде бәсекелестік деңгейінің жоғары болатынын біліп отырмыз, - дейді бапкер.

Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан World Boxing ұйымының U19 және U22 жас санаттары бойынша алғашқы Азия чемпионаты өтетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар