Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жылда еңбек нарығына 250 мыңға тарта жас маман келеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі мәлім етті.
«Қазақстанда халықтың 27 пайызын жастар құрап отыр (5,3 млн адам). Жыл сайын еңбек нарығына шамамен 200-250 мың жас маман шығады. Кәсіби білімі болғанына қарамастан, олардың барлығы бірдей мамандықтары бойынша жұмыс таба бермейді немесе жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ. Бұл жағдай олардың жұмысқа орналасуын қиындатады. Біз жастардың икемді жұмыс түрлеріне ұмтылысын байқаймыз. Жастардың жалдамалы жұмыстағы үлесі төмендеп, сәйкесінше фрилансерлер саны өсуде, олардың ішінде жоғары білімі барлар да бар. Бірінші міндет – кәсіби бағдар беру жұмысы. Біз «Мансап компасы» жобасын іске асырдық, ол мансап жолын құруға, бос жұмыс орындарын тез табуға, жалақылар мен талаптарды салыстыруға, сондай-ақ сұранысы бар мамандықтар, болжамдар және оқу орындары туралы ақпарат алуға көмектеседі», - делінген Еңбек министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, студенттердің мамандық бойынша тәжірибесін шыңдау үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік практика функционалы іске қосылды, ол нақты бағыттарды меңгеруге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі.
«Жастар жұмыссыздығы мәселесін шешу үшін Қазақстанда жұмысқа орналастырудың белсенді іс-шаралары да жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша аймақтық жұмыспен қамту органы саналатын мансап орталықтарына 376 мың адам жүгінді, олардың 226 мыңы түрлі мемлекеттік қолдау түрлерін алды (оның ішінде жастардың үлесі - 180 мың адам). Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында кәсіби оқыту аясында 2,6 мың адам оқудан өтті, олардың 1,5 мыңы оқуды аяқтап, 1,2 мыңы жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, Еңбек ресурстарын дамытуда бүкіл халық үшін оқытудың цифрлық нысандарына баса назар аударылды. 2021 жылдың шілдесінен бастап еңбек нарығында сұранысы бар бағыттар бойынша онлайн режимде қысқа мерзімді оқытудың бірыңғай порталы іске қосылды (https://skills.enbek.kz)», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Skills.Enbek платформасында – ТжКБ ұйымдары мен жоғары оқу орындарына микроквалификацияларды тану және WorldSkills алаңдарын дамыту үшін курстарды орналастыру мүмкіндігі беріліп отыр.
«Қазір бұл порталда 364 дағды бойынша 141 автордан 615 онлайн курс орналастырылған, оның 278-і халық үшін тегін. Одан бөлек, жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіби оқытуына 653 адам қатысты, оқуды аяқтағаннан кейін 385 адам жұмысқа орналастырылды. 3,5 мың жас өз бизнесін дамыту үшін грант алды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы 106 мың адам жұмыс тауып, бос жұмыс орындарына орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламаларына 5 мың адам, жастар практикасына – 1,8 мың адам, қоғамдық жұмыстарға – 27 мың адам қатысты. Бұл іс-шаралар жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға және еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі, олардың ел экономикасына интеграциялануына ықпал етеді», - делінген министрлік хабарламасында.
Бұлан бұрын хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі биыл шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру міндеті қаншалықты орындалып жатқаны жайында түсінік берді.