Жастар азаттықтың қадірін білуі тиіс — Гүлжанат Аманбаева
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында тұратын Гүлжанат Аманбаева желтоқсан оқиғасына қатысқан. Сол үшін талай қуғын көрсе де еш мойымай, елдің ертеңіне сеніммен қарай білген. Kazinform тілшісі желтоқсаншыны әңгімеге тартып көрді.
— Желтоқсанға дейінгі өміріңіз қандай болды?
— Ол кезде өмір бір қалыпты өтіп жатты. Өскемендегі педагогикалық институтта орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үшінші курста оқып жүрдім. Жатақханада тұрамын. Жасым жиырмада. Өзім сияқты студент жастар өр мінезді еді. Баршамыз ел игілігі жолында қызмет етуді ойлап жүрген кез. Бірақ сол сенімнің бәрі бір-ақ сәтте күйреді.
— Көтеріліс жайлы алғашқы хабарды естіген сәт есіңізде ме?
— 16 желтоқсанда біртүрлі тынышсыздық басталды. Әскерилердің көбейгенін көрдік. Қалада бір суық үрей сезілді. Ал 18-19-ы күндері өскемендік жастардың қозғалысы айқын көріне бастады. Жанымдағығар жастар «Юбилейный» кинотеатрының алдына жиналып жатыр деді. Сол сәтте жатақханада отыра алмадық. Екі-үштен топталып алаңға қарай аттандық.
— Сізді алаңға нақты не жетеледі?
— Намыс жетеледі. «Қазақты неге қазақ басқармайды?» деген ой жанымды жегідей жеді. Қонаевты алып тастап, орнына Колбинды қояды дегенде, бұл менің ғана емес, тұтас ұлттың ар-намысына тигендей болды. Өз жерімізде отырып, ел болашағы үшін қимылдамау өте үлкен өкінішке әкелер еді. Осы күнге дейінгі ел ішіндегі ыза бір сәтте күшейіп кетті.

— Алаңға барғандағы алғашқы әсеріңіз қандай болды?
— Жастардың көзінде от бар еді. Шығыс Қазақстанның әр түкпірінен жиналған өрімдей қыз-жігіттер сап түзеп тұрды. Шеруде жастардан ешкім айқайлап, тәртіпсіздік жасаған жоқ. Алдыңғы қатарда тұрған жігіт «бейбіт шеруге шығамыз, тәртіп бұзбаймыз» деп айтып жатты. «Қазақстаным» әнін айтып осы алаңнан бастап бейбіт шеру жүріп өтеді деп жиналған топ өз талаптарын айтты.
— Шерудің бағыты қалай өрбіді?
— Сөйтіп орталық алаңнан «Металлургтер» саябағына дейін жаяу бет алдық. Бірақ Ушанов алаңына жетпей жатып, әскерилер қыспаққа алды. Қоршап, белсенді жігіттерді бірінен соң бірін сүйреп әкетті. Ұлдарды аямады. Қыздар жан-жаққа қаштық. Мұздай қаруланған әскердің қолында дубинка және басқа да қарулары болды.
— Сол сәтте не сезіндіңіз?
— Не үшін халықты қысып жатқандарын түсінбей дал болдым. Біз қылмыскер емес едік қой. Өз ойымызды айтқымыз келді. Суық, ызғарлы ауа райы ішіміздегі тоңды одан сайын қатайтты. Жүрек дүрсілдеп, қол-аяғым қалтырап тұрса да, ішімде «біз дұрыс істеп тұрмыз» деген сенім болды.
— Шеру қанша уақытқа созылды?
— Өзі бір-ақ күн болды. Бірақ оның салмағы жылдарға жетті. Бір-екі апта бойы бәріміз бақылауда болдық. Адамдар бір-бірінен қорқып сөйлейтін күйге түсті.
— Қандай қысым жасалды?
— Студенттерге ескерту жасалды. Бос жүріс, артық топтасу болмасын деп әр жерде үгіт жүрді. Полиция шеруді тоқтатуға тырысты. Бірақ олардың мақсаты халықпен келісімге келу емес, қорқыту болды. Біздің негізгі талабымызды тыңдағанның орнына намысшыл жастарды басып-жаншуға айналды.
— Құрбыларыңыздың тағдыры не болды?
— Ертеңінде құқық қорғау қызметкерлері келіп, алаңда көзге түскен студенттердің тізімін оқыды. Сол кеткендердің көбін кейін көрмедік. Ақтаңгер деген курстасымыз намысшыл, өжет жігіт еді. Оны алып кетті. Ойын ашық айтып, қарсылық танытқан болу керек, кейін оны көрмедік. Ешқандай хабар алмадық. Адамдар бір-бірімен болған жайды айтып, сөйлесуден қалды.
— Отбасыңыз бұл жағдайды қалай қабылдады?
— Бұл мен үшін ең ауыр тақырып. Анам мені түсінбеді. «Бұзақы болдың» деді. Билік өкілдері келіп, анама қысым көрсетті. Түн ортасында келіп балаға интернационалды тәрбие бермедің, бұзақы қылып өсірдің деп сөгіп кеткен. Ауылда тыныштық бермей, жүріп-тұруларын шектеген. Анам дүниеден өткенге дейін менің ел үшін шыққанымды шындық деп қабылдамады. Бұл ішімде жазылмаған жара болып қалды.
— Желтоқсан оқиғасы өміріңізге қалай әсер етті?
— Оқуды бітірген соң туған ауылымда жұмыс таба алмадым. Білім басқармасы «сен сияқты адам бізге керек емес» деді. Желтоқсанның көлеңкесі соңымнан қалмады. Бірақ соған қарамастан, ешқашан өкінген емеспін.
— Бүгінгі тәуелсіздікке көзқарасыңыз қандай?
— Қазіргі ұрпақтың бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанына қуанамын. Бұл сол кездегі боздақтардың арман-тілегінің ақталғаны. Қазір егемен еліміз әлемдік бәсекеде еңсесін тік ұстап келеді. Зайсан ауданында 58 желтоқсаншымыз. Өз ұйымымыз бар. Тағдырлас жандар аудандағы әртүрлі кездесулерде жастарға азаттықтың қадірін білуді насихаттап келеміз.
Еске салсақ, осыған дейін Желтоқсан куәгері 64 жастағы ақтөбелік ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылғаны хабарланған.