Жастар есірткі қылмысына бармауы үшін профилактикалық жұмысты күшейту керек - Нұрсерік Шәріпов

Нұрсерік Шәріпв
Фото: Нұрсерік Шәріповтың Facebook парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM — Жастар есірткі жасыру қылмысына жаза күшейтілгенін білсе де, осы заңсыз әрекетке барып жатыр. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының судьясы, Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін есірткі жасырумен айналысып жүрген жастарға қатысты шығарылып жатқан үкімдер бойынша сұрақ қойды. «Қазір 18 жастағы жастар 10 жылдан астам мерзімге сотталып жатыр. Бұл жаза тым қатал емес пе?», - деп сұрады тілшілер.

Өз кезегінде Н.Шәріпов көбіне осы қылмыс үшін жастар істі болып жатқанын растады.

«Бұл қылмыс бойынша жауапкершілік күшейтілген. Осы есірткі жасырушылар басқа адамдарды улап, емделмейтін есірткі түрлеріне тәуелді еткенін, Қазақстанның болашағына нұқсан келтіріп жатқанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл тұрғыда жастар есірткі тарату мен жасыру қылмысына бармауы үшін профилактикалық жұмысты күшейту керек ойлаймын. Атап айтқанда, осы қылмыстардың барлығы қасақана жасалған әрекет деп саналады. Адамдар есірткі жасыру қылмысына жаза күшейтілгенін біле тұра, барып жатыр... Осы жағдай адамның өзіне байланысты, яғни біліміне, құқықтық санасына, заңды мойындауына қатысты. Жастар үшін ақша табудың жолдары баршылық, еңбек биржасына жүгінуге болады», - деді Жоғарғы сот судьясы.

Айта кетейік, жақында Жаркент қаласының аумағында тыйым салынған заттарды таратумен айналысқан 20 жастағы Алматы тұрғыны ұсталды.

Биыл заңсыз айналымнан 19 тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары алынды.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram