Жетісуда синтетикалық есірткі саудалаған азамат 7 жылға сотталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен полицейлер Жаркент қаласының аумағында тыйым салынған заттарды таратумен айналысқан 20 жастағы Алматы тұрғынын ұстады. Тергеу амалдары барысында «Х» есімді азаматтың «Мефедрон» синтетикалық препаратын Панфилов ауданының әртүрлі жерлерінде қалдыру арқылы таратқаны белгілі болған.
Сот «Х» есімді азаматты есірткі сатқаны үшін кінәлі деп тауып, оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді — делінген хабарламада.
Жетісу облысы прокуратурасымен құқық қорғау және арнайы орган өкілдері азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында есірткінің, әсіресе синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Еске салайық бұған дейін Талдықорған тұрғынынан 20 млн теңгенің есірткісі тәркіленгенін жазғанбыз.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын өндіру, сақтау, тасымалдау және аса ірі мөлшерде өткізу сияқты заңсыз әрекет жасағандарға мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.