Жастар синтетикалық есірткіге неге құмар – сарапшы пікірі

Есірткі
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары әдеттегі есірткіден түбегейлі ерекшеленетін психоактивті заттардың жаңа түрі пайда болды. Олардың ерекшелігі неде? Есірткіге есіргендерді қандай жаза күтіп тұр және онымен күрес қалай жүріп жатыр? Осы орайда, Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Әлия Қибатқызын әңгімеге тартқан едік.

Қазіргі заманғы есірткі – синтетикалық өнім, яғни «дәмдеуіш» (спайс), «жылдамдық», «мияу» тағы басқа. Оларды шегеді, жұтады немесе иіскейді. Синтетикалық есірткі дәстүрліге қарағанда арзанырақ, сондықтан қол жетімді.

Кез келген есірткі адам ағзасын улайды, оның салдары ауыр. Әсіресе, жүрек пен бауырға, ми мен жүйке жүйесіне кері әсер етеді, содан интеллектуалды қабілеттер төмендейді. Сонымен қатар адамның мінезі мен іс-әрекеті өзгереді, ол былжыр, немқұрайлы, тұйық болады және оны ешнәрсе қызықтырмайды.

«Есірткінің салдары жойқын - фобия, есерсу, сандырақ және дүрбелең басталады, ал бірнеше рет қолданғаннан кейін оған тәуелділік туындайды. Уақыт өте келе ағзаны қанағаттандыру үшін нашақор есірткінің дозасын ұлғайтады, оның арты өлімге әкеледі. Қазір әр адам, оның ішінде жастарда бар, интернетке еркін қол жеткізе алады. Адам білместіктен есірткі курьеріне айналуы әбден мүмкін, ал оны тұтынса жағдай мүлдем мүшкіл», - деді Әлия Қибатқызы.

Оның айтуынша, нашақорларды қылмыскерге теңеуге болады. Себебі есірткіге ақша табу үшін ұрлыққа, тонауға, жезөкшелікпен айналысуға немесе жора-жолдастарына психоактивті заттарды тарататын дилерге айналуы мүмкін. 

Есірткіні иемденген адам әрекеті ол сатып алу, тауарлар мен заттарға айырбастау, қарыз алу немесе сыйлық ретінде алу, табылған заттарды иемдену, қызмет ұсыну, жабайы өсімдіктерді жинаудан тұрады. Ол әрекеттер заңсыз. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15 - бабына сәйкес 16 жастан бастап қылмыстық жауапқа тартылады, алайда жекелеген ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 14 жастан бастап жаза қолданылады. 

Есірткі саласына қатысты барлық іс-әрекет ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, ол үшін 7 жылдан бастап бас бостандығынан айыру көзделген. 

Өмір бойы:

- есірткіні тұтынуға көндіргені үшін, оның ішінде интернет-ресурстарды пайдалану арқылы бас бостандығынан айыру

8 жылға дейін

- есірткіні әлеуметтік желілерде насихаттап, заңсыз жарнамалағаны үшін. Атап айтқанда, граффити, трафарет пен әр түрлі бояулы суреттер, баннерлер, аялдама, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісі мен қоғамдық орындарда жарнаманы жасырын жапсырып, ілу тағы сол сияқты. 

«Биыл есірткілер қатарына дүние жүзіндегі миллиондаған адамның нашақорлығын тудырған «трамадол» енгізілді. Бұл препаратқа тәуелділік «героиннен» 2 есе күшті, 0,1 грамм трамадолды сақтап, өткізіп немесе сатып алған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - дейді Полиция департаментінің өкілі. 

Елорданың Полиция департаменті қоғамның қауіпсіздігін ескере отырып, синтетикалық есірткі өндіру бойынша жасырын зертханалардың қызметін анықтап, жолын кесуге баса назар аударады. 

Жыл басынан бері елорда аумағында есірткінің синтетикалық түрлерімен байланысты есірткі құқық бұзушылықтардың 424 фактісі анықталды. Оның ішінде 93 синтетикалық есірткі өткізу фактісі, 28 аса ірі мөлшерде сақтау және 300 қылмыстық факті бар. 

«Есірткі бизнесіне қарсы күрес оның жолын кесумен қатар, алдын алу іс-шаралары да жүріп жатыр. Бұл жерде жастар, соның ішінде студенттер үлесін қосуда. Олар профилактикалық акцияларды өткізуге қатысады және мәдени-спорттық іс-шаралар, синтетикалық есірткіні жарнамалайтын граффитилерді жоюға белсене араласады», - деді спикер. 

Есірткі психоактивті заттарды тұтынуды азайту мақсатында ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын» әзірледі. Жоспар аясында уәкілетті органдармен нашақорлықтың алдын алуға және есірткі айналымы саласындағы қылмыстарды анықтауға бағытталған бірқатар іс-шара өткізіледі.

Нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға мемлекеттік органдар, Үкіметтік емес ұйымдар, жастар қозғалысының еріктілері және спорт ұйымдары белсенді қатысып жатыр. Астана қаласында осы күнге дейін есірткіге қарсы күрес және оның алдын алу мақсатында 110 профилактикалық іс-шара, 1 акция, 5 семинар, 39 дәріс, 7 дөңгелек үстел, 20 кездесу, 6 спорттық жарыс және 32 түрлі форматтағы іс-шара өткізілді.

Соңғы жаңалықтар