Жастар тәрбиесіне бүкіл қоғам жауапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастарға әркім үлкен үмітпен, зор сүйсініспен, тіпті, қызығушылықпен қарайды. Оларды болашақтың алтын тұтқасы деп санап, елдік армандар мен мұраттарға қол жеткізуші күш, ұлттық құндылықтардың мұрагері деп, асқан сенім жүктейді. Сол жастардың қазіргі дәуренінің, яғни, жастық шағының да қоғам үшін елеулі маңызы бар.
None
None

Жасөспірімдер тағдырына отбасы, білім, еңбек ұжымдарынан бастап, қоғамдық ұйымдар, атқарушы билікке дейін жауапты. Ал, нақты өмірге келетін болсақ, осылардың барлығында да жас ұрпақ тәрбиесінің ақсап жатқандығын жасыра алмаймыз.

Әдетте «Жастық - даналық дәнін жинау үшін, қарттық - соны жұмсау үшін берілетін шақ» деп жатамыз. Алайда, бүгінгі күні бұл пікірдің тоны теріс айналып кеткендей.

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қылмыс әлемінің қыр-сырын ұғынып өскен оқушылардың болашаққа деген көзқарасы қорқытады. Әр шаңырақтың төрінен ойып тұрып орын алған «сиқырлы жәшіктен» оң-солын танымай жатып, зұлымдық пен айуандықтың не екенін түйсініп өсіп келе жатқан бүлдіршіннің солғын тартқан дүниетанымы жаға ұстатады. Тегін емес тентектігін жарнамалап үйренген, ұлттық мінез-құлқымыздан гөрі шетелдің қитұрқы іс-әрекетін айна қатесіз қайталауды жөн санаған жасөспірімдеріміздің қолымен жасалған қылмыстың күрделілігі - бір, қатыгездігі - екі қайтара соққы болуда. Бұзақы бала қайдан шығады? Бесіктен белі шықпай жатып қылмыскер атануына не себеп? Сананы сергелдеңге түсірген сан сұрақ бар.

Жастар арасындағы қылмыстылықтың бір бастауы қараусыз қалған шаңырақтан шығатыны баршаға белгілі. Мұндай балаларды өзіндік жазылмаған заңы мен қатал қағидасы бар көше тәрбиеге алады. Яғни, бұғанасы қатпаған баланы «өмір сүргің келсе жанталас, алда, ұрла» деген «жан сақтау» принципіне үйретеді. Ең сорақысы не екенін білесіз бе? Бұл қылмыс жасаған адамның өзгеге қиянат келтіру мен кісі өлтіруді жаман қылық екен деп мойындамайтындығында, оларға адам өмірінің құндылығы - бос сөз.

Бұл күндері біздің балаларымызды кім тәрбиелеп келеді? Ата-ананың балаға көңіл бөлуге уақыты жоқ. Қоғамның барлық күштері өскелең буынның жеке және әлеуметтік денсаулығына бағытталуға тиіс деп ұрандап жатамыз. Алайда, айналып келіп жасөспірімдер қылмысы, олардың есірткіге елтіп, бұзақылыққа баруда, өзіне-өзі қол жұмсауда «тым белсенділік танытуы» секілді маңызды мәселелерді құқық қорғау орындары мен мектептің құзырына сілтеп қойып, отыра береміз.

Балалар қылмысының алдын алуда ата-аналардың жауапкершілігін күшейту керек. Қоғамда тұрмысы қолайсыз отбасының көп болуы және ондағы балаларға бақылаудың жоқтығы да белгілі деңгейде құқықбұзушылықтың орын алуына әсер етеді. Мұндай ортада қараусыз қалған баланың заңға қайшы іс-әрекеттерге баратыны сөзсіз. Бүгінгі күні мемлекет жастарға жарқын болашаққа нық қадам басуға бүкіл жағдайды жасап жатқанда күш-қуаты тасыған кейбір жастардың жұмыс істеп, елі үшін еңбек етер жасында қылмыс жасап, тар қапасқа қамалуы қоғам үшін үлкен қайғы. Шыр етіп дүниенің есігін ашып, ес біліп, етек-жеңін жинағаннан кейін әр адамның жақсылық көруі мен жаманшылыққа ұрынуы ең алдымен өзіне байланысты десек, оның өсіп-өнген ортасы да бұл жауапкершіліктен тыс қалмайды. Иә, өмір жолы тақтайдай түзу емес. Астан-кестен аласапыран заманда біреу жастықтың, албырттықтың әсерімен, ал біреуі жоқшылық пен жетіспеушілік кесірінен қылмысқа барса, енді біреулері арақ пен есірткінің тұзағына ілініп, темір тор мен бетон қабырғалардың ар жағындағы тар қапасқа қамалуда.

Болашақта ұлтына - қалқан, еліне - қорған болатын жастарымыздың тәрбиесіне жауапты ата-аналарға, басқа да қоғам мүшелеріне бүгінгі немқұрайдылықтың азабын ертең тартпауды ескерткім келеді.

Шиналханов

Соңғы жаңалықтар