Жастар жалған ақпаратты жиі таратады - Жандос Өмірәлиев
АСТАНА. KAZINFORM – Жастар көбіне жалған ақпаратты әлеуметтік желіде білместікпен таратып жатады. Бұл жөнінде Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.

– Жастар, көбінесе, білместікпен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып жатады. Бұл – заңмен жазаланатын әрекет. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жалған ақпарат тарату үшін айыппұл салу немесе әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Егер мұндай ақпарат ауыр салдарға әкелсе немесе азаматтардың құқықтарына елеулі зиян келтірсе, онда бұл үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ол үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді Ж. Өмірәлиев.
Оның айтуынша, арандату мақсатында ақпарат таратқандарға да жаза қарастырылған.
– Мұндай ақпаратты прокуратура да, Ақпарат министрлігі де бақылап отырады. Сондықтан мен ақпараттық мәдениетті көтеруге шақырамын. Әсіресе, жастар бұл мәселеге мұқият қарауы тиіс. Олар кейде жалған ақпаратты өз парақшаларында жариялап жіберуі мүмкін. Бұл үшін жауапкершілік бар, – деді ол.
Еске салсақ, бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қамауға алды деп хабарлағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.