Жастарды толғандыратын түйткілдердің шешімін бірлесіп іздеу қажет - Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Жастардың наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да оларды толғандыратын мәселелер ортақ. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Шын мәнінде болашақ жастардың қолында. Өскелең ұрпақ барлық дін және мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара құрмет пен сыйластық рухын терең сезініп өсуі қажет. Қазіргі жастар көптеген сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да оларды толғандыратын мәселелер ортақ. Демек, сол түйткілдердің шешімін де бірлесіп іздеу қажет, - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы мақсатта съезд аясында Жас дін көшбасшылары форумы екінші рет өткізіліп жатыр. Ол форумға қатысушылар ашық пікір алмасуға, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті.
- Бәріміз рухани көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Оларға қолдау көрсету баршамызға ортақ парыз. Қазақ халқында «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз бар. Шын мәнінде бәріміз күш-жігерімізді біріктірсек, жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере аламыз. Біз Астана төрінде осымен 8-ші мәрте бас қосып отырмыз. Бұл дін басшыларының арман-мұраты ортақ екенін аңғартады. Бүкіл адамзатқа төнген түрлі қауіптерге бірігіп қарсы тұруға дайын екенін көрсетеді. Осы дөңгелек үстелдегі құрмет пен достық рухы дүние жүзін ынтымаққа бастасын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі басталғанын жазған едік.