Жастардың еңбек нарығына келуі жылына 360 мың адамға дейін өседі

АСТАНА. KAZINFORM — Жарты жылда жұмыссыздық деңгейі 4,6% мөлшерінде сақталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлім етті.

Жастардың еңбек нарығына келуі жылына 360 мың адамға дейін өседі
Фото: UKIMET

— Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша еңбек нарығында тұрақтылық байқалды және жұмыссыздық деңгейі 4,6% мөлшерінде сақталды. Жұмыспен қамтылғандардың өсуін жалдамалы жұмыскерлер қамтамасыз етті, олардың саны 7,1 миллион адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны — 2,1 млн адам, — деді Асқар Биахметов.

Сонымен қатар ол қазіргі негізгі трендтерге тоқталды. Біріншіден, бұл бағытта цифрландыру және автоматтандыру. Кәсіптердің көбі цифрлық құзыретті талап етеді. Екіншіден, платформалы жұмыспен қамту және электрондық сауда — адамдардың көпшілігі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді, фриланспен, электрондық саудамен айналысады.

— Үшіншіден, халық саны өсіп келеді. Нәтижесінде, жастардың еңбек нарығына келуі жыл сайын артып отыр. Болжам бойынша 2035 жылға дейін жылына 360 мың адамға дейін өседі. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. Біз икемді және заманауи еңбек нарығын құру үшін қазірден бастап бұл трендтерді ескеруіміз керек. Жұмыспен қамту құрылымы әрдайым экономиканың сұраныстарына сәйкес келе бермейді. Өзектілігін жоғалтып бара жатқан кәсіптер бар. Еңбек нарығында сұранысқа ие тиісті дағдылары бар кадрлар жетіспейді. Сонымен қатар, өңірлік теңгерімсіздік бар: оңтүстікте еңбек ресурстары шамадан тыс көп болса, солтүстікте — олар жетіспейді. Ірі мегаполистерде ішкі көші-қонның жоғары деңгейіне байланысты еңбек нарығының асыра толығуы тіркелді. Бұл әлеуметтік, тұрғын-үй, коммуналдық және көлік инфрақұрылымдарына едәуір жүктеме түсіріп жатыр, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, тағы бір сын-қатер көлеңкелі экономикаға қатысты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халықтың 30 пайызға жуығы зейнетақы жүйесіне қатыспаған. Жекелеген секторларда еңбек нормативтерінің болмауы да көлеңкелі жұмыспен қамтудың сақталуына ықпал етіп отыр.

Еске салсақ, Қазақстанның еңбек нарығына жасанды интеллект қалай әсер ететінін жазған едік

Соңғы жаңалықтар