Жастардың ересек өмірге қадам басуы қиындап барады – БҰҰ баяндамасы
АСТАНА. KAZINFORM — Миллиондаған жас үшін қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізу, баспана алу, отбасын құру барған сайын қиындап барады. Бұл туралы БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) 2026 жылғы «Әлем халқы» баяндамасында айтылған.
Қазіргі жастардың білім деңгейі жоғары, ақпараттан хабардар әрі өз құқықтарын бұрынғы буындарға қарағанда жақсырақ біледі. Алайда баяндама авторлары жастардың мүмкіндігі мен шынайы өмірдегі жағдайының арасында үлкен алшақтық бар екенін атап өткен.
— Жастар тәуелсіз өмір сүріп, тұрақты қарым-қатынас орнатқысы келеді. Көбі балалы болуды да қалайды. Алайда экономикалық тұрақсыздық, баспана мәселесі, қақтығыстар мен қоғамнан оқшаулану олардың бұл армандарына жетуіне кедергі келтіріп отыр, — деді ЮНФПА атқарушы директоры Диен Кейта.
Қазір жастардың көпшілігі экономикалық тұрақсыздық, қақтығыстар, климаттың өзгеруі, технологиялардың қарқынды дамуы және әлеуметтік теңсіздік күшейген кезеңде есейіп келеді. Соның салдарынан бір бөлігі өз алдына бөлек шығуды, отбасын құруды және балалы болуды кейінге қалдырса, енді бір бөлігі кедейлік пен түрлі дағдарыстарға байланысты ерте есейіп, үлкен жауапкершілікті мойнына алуға мәжбүр.
Әлемдегі әрбір бесінші жас жұмыс істемейді, білім алмайды және кәсіби даярлықтан өтпейді. 15-24 жастағы қыз-келіншектер арасында мұндай көрсеткіш ерлерге қарағанда екі есе жоғары. Ал мүгедектігі бар жастардың 49%-ы осы санатқа жатады. Жасанды интеллектінің дамуы да жастардың болашағына қатысты алаңдаушылық туғызып отыр. Баяндамада автоматтандыру салдарынан жастар еңбек жолын енді бастаған кезде орналасатын бастапқы қызмет орындары бірінші кезекте қысқаруы мүмкін екені айтылған.
ЮНФПА 73 ел мен аумақта интернет пайдаланатын 100 мыңнан астам жастың арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде жастардың басым бөлігі әлі де отбасын құрғысы келетіні анықталған. Сауалнамаға қатысқандардың 70%-ы некені қарым-қатынастың ең қолайлы түрі деп санаса, 91%-ы кем дегенде бір балалы болуды қалайды. Отбасын құруға кедергі келтіретін негізгі себеп — қаржы тапшылығы. Респонденттердің 57%-ы отбасы құруға, ал 72%-ы балалы болуға қаражат жетпейтінін айтқан.
ЮНФПА мәліметінше, жастар ата-анасынан шамамен 30 жасында бөлек шығып, 30 жастан кейін отбасын құрады. Ал 40 жасқа таяғанда ата-ана болады. Некені отбасылық өмірдің ең қолайлы үлгісі деп есептейтін 35-39 жастағы респонденттердің 40%-дан астамы әлі некеге тұрмаған. Сауалнамаға қатысқандардың төрттен біріне жуығы қалағанынан аз баласы бар екенін жеткізген.
Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда әйелдер мен ерлер арасындағы айырмашылық байқалады. 25–29 жастағы сауалнамаға қатысқан әйелдердің 70,5%-ы тұрақты қарым-қатынаста болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш — 43,4%. Әйелдердің 44,6%-ы, ерлердің 25,3%-ы некеде. Баласы бар әйелдердің үлесі — 48,9%, ерлер арасында — 28,5%. Бұл жастағы әйелдердің 55%-ы, ерлердің 74,4%-ы жұмыс істейді.
Бұл аймақтағы жастардың отбасын құруға деген ниеті жоғары. Бір-бірімен кездесіп жүргенімен, бірге тұрмайтын 25-39 жастағы респонденттердің 85,7%-ы әйелдер және 87,2%-ы ерлер некеге тұруды немесе бір шаңырақ астында өмір сүруді қалайтынын айтқан.
Сонымен бірге 18-39 жастағы әйелдер ортақ мақсаты мен құндылықтары сай келетін серіктес табу қиын екенін жеткізген. Сауалнамаға қатысқан әйелдердің 65%-ы серіктесінің үй шаруасы мен бала тәрбиесіне аз араласуын ана болуға кедергі келтіретін маңызды факторлардың бірі деп атаған.
Баяндамада бұл бағытта жақсы өзгерістер де бар екені көрсетілген. Мәселен, Молдовада ЮНФПА мен БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының қолдауымен тоғыз ауданда болашақ әкелерге арналған клубтар ашылған. Оларға 500-ден астам ер адам қатысқан. 2015–2024 жылдары елде бала тәрбиесіне белсенді араласатын әкелердің үлесі 55%-дан 68%-ға өскен. Ал үй шаруасын ерлі-зайыпты тең бөлісетін отбасылардың үлесі 30%-дан 58%-ға жеткен.
2000–2023 жылдары Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда 15–19 жастағы қыздар арасындағы туу көрсеткіші шамамен 40–50%-ға азайған. Қазір әр мың қызға шаққанда 18 баладан келеді. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе төмен. Дегенмен өңір елдеріндегі жағдай әртүрлі. Тәжікстанда әр мың қызға шаққанда 39 бала туса, Әзербайжан мен Өзбекстанда – 37, Қырғызстанда – 29 бала.
Серіктесі бар сауалнамаға қатысқан әйелдердің 16,8%-ы кейінгі бір жылда одан зорлық-зомбылық көргенін айтқан.
Әлем халқының 19%-ы – 30 жасқа толмаған азаматтар. Алайда парламенттердегі орындардың небәрі 2,8%-ын ғана осы жас тобының өкілдері иеленген. Олардың арасында әйелдердің үлесі тіпті жартысына да жетпейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда БҰҰ Университетінің жаңа институты ашылатынын хабарлағанбыз.