Жастардың 80% өздеріне қатысты мемлекеттік бағдарламалардан бейхабар - Талғат Қалиев

«Америка ондаған жылдардан бері ықтияр хаттарын лотерея түрінде ойнатып, ең ақылды әрі батыл жастарды өздеріне шақыруда. Көршілес Қытай, Ресей ЖОО-лары да тегін грантпен, қолайлы жатақханаларымен Қазақстан жастарын қызықтырып отыр. Бір ғана Алматыда 50 мың жатақханалық орын жетіспейді. Ал тұтас республикаға 75 мың орындық жатақханаға салынады. Бірақ, Алматыға жатақхананы үйіп салу қажет пе деген сұрақ туындайды. Себебі, мұндағы орын жетіспеушілігі жеке ЖОО-ларды да қамтып отыр. Бірқатар оқу орындары кезінде жатақханаларын бейінді емес актив ретінде сатып жіберген. Ал қазір өз студенттерін жатақханамен қамти алмай отыр», - деді Талғат Қалиев Президенттің бес әлеуметтік бастамасына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысында.
Сондай-ақ, орталық басшысы жастардың басым бөлігінің өздеріне тиімді мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз екенін жеткізді. Зерттеулер нәтижесіне сәйкес, жастардың 92,5% -і тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу мүмкін емес, мемлекет жұмыспен қамтуы керек деп есептейді.
«Қолжетімді ипотека сынды бес әлеуметтік бастамада көрсетілген қолдаулар жастарды ынталандыра түседі және масылдық сезімді жоюға ықпалын тигізеді. Әйтсе де, Қазақстан жастарының 20 проценті ғана өздері туралы мемлекеттік бағдарламалардан хабардар. Қалған 80 проценті өз мүмкіндіктерін білмейді. Мұндағы мәселе - жаңалықты жастарға жеткізу тәсілі болып отыр. Олар газет оқымайды, алғашқы 12 секундта қызықтыра алмаса, телеарнаны да ауыстырып жібереді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазіргі медианың жастарға өтімді болуын ойлауы керек, креативті тәсіл іздеуі керек», - деп өз сөзін түйіндеді Т. Қалиев.