Жастардың бойына ұлттық рухты сіңіруіміз керек - жазушы Қайым-Мұнар Табеев
- Қайым-Мұнар аға, әңгімемізді өткен бозбала жастық шағыңыздан бастап өрбітсек, журналистика мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
- Біздің Жүзағаш ауылы - ақын-жырауларға бай елдің аңғарында тұр. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу өмір сүрген қастерлі аймақ. Бір ғана Аягөз, Тарбағатай ауданы сияқты өңірден Дулат Бабатайұлы, Ақтайлақ би бастаған атақты 17 ақын шыққан. Көне замандардан сыр шертетін қаншама тарихи орындар күні бүгінге дейін сақталған. Бала кезімізден жыр жаттап, кітап, одан қалса газет-журнал оқып өстік. Атам жылқышы болды. Жазғы демалысқа шыққан уақытымда жайлауға алып кететін. Жолымыз баяғы Қодар батыр қазған шеген құдықтар арқылы өтіп, Ай өзенінің бойын жағалап, Барқытбелдің басынан бір-ақ шығады. Жапырағы жайқалған нулы өлкенің суреті ғажап болатын. Оқитын кітаптарымды бірге ала баратынмын. Менің журналистиканы таңдауыма сол өзімнің туып-өскен табиғи ортам әсер етті деп айта аламын.
Оның үстіне мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен белгілі ақын Дихан Әбілевтің туған қарындасы - Биғайша Әбілева апайымыз сабақ берді. «Күй» поэмасын жатқа айтатын. Жетінші сыныпқа көшкен кезім еді. Қыркүйек айында жазғы демалысымызды қалай өткізгеніміз туралы шығарма жазып әкелдім. Биғайша апай жазғанымды оқып шығып: «Ойың бар екен, бірақ бұл қазіргі саясатқа кереғар. Сондықтан сен басқаша жаз. Сосын газетке берейік» деді. Мен атамның айтуы бойынша «Бір қуаңшылық жылы ауыл-аймақтың мыңдаған жылқысын суарып, тұтас елдің батасын алған Қодар туралы әдебиетте неге теріс айтылады?» деп сұрадым-ау деймін. Оны түзетіп, жылқышылардың өмірі туралы суреттеме жазып бердім. Осылайша тырнақалды туындым аудандық «Алға» газетінде жарық көрді. Кейінірек мақалаларым «Қазақстан пионеріне» де шығып жүрді. Сөйте келе журналистика мамандығын таңдадым. Негізі аудандық байқауда бірінші орын алып, математикаға қарай ыңғайланған едім. Бірақ жазу сиқыры бәрібір өзіне тартты да тұрды.
КазГУ-дың журналистика факультетіне түскеннен кейін оқудағы алғашқы еңбек тәжірибемді сол аудандық «Алға» газетінде, кейіннен «Қазақстан пионері» газетінде өттім. Ол кезде газеттің редакторы қазақтың белгілі ақын қызы Фариза Оңғарсынова болатын. Фариза апайдан кейін, редактор болған Уәлихан Қалижанов мені жарты ставкамен қызметке алып қалды. Еңбекке ерте араластық. Жалпы, 16 жылдық шығармашылық еңбек жолымда төрт республикалық газетте - балалар газетінен бастап, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде тілші болдым, бөлім басқардым. Көптеген баспасөз конкурстарының жүлдегері атанып, екі рет Журналистер одағы сыйлығын және Жастар одағы сыйлығын иеленгенімді айтсам, артықтау кетті демессіз. Төгілген ащы тер мен еңбектің өлшемі болған соң, айтқаным ғой. 1994 жылдан мемлекеттік қызметке кеттік. Онда да баспасөзден қол үзіп кеттім деп айта алмаймын. Президенттің Баспасөз қызметі, Ақпарат министрлігі, Алматы қалалық әкімдігі сияқты бірқатар мекемелерде бір-бірімен біте қайнасқан үш арна - баспасөз, тіл, ұлт саясатымен айналысатын бөлімдердің «отымен кіріп, күлімен шықтық». Көңілге түйгенім, қай сала болмасын, билік пен баспасөз арасындағы байланысты жандандыруда қаламның күші міндетті түрде қажет екен. Шынымды айтсам, мемлекеттік мекемедегі күнделікті тіршілігімді баспасөзсіз елестете алмаймын. Егер өмірді қайта басынан бастап, қандай мамандықты таңдар едіңіз десеңіз, бәрібір осы журналистиканы таңдаған болар едім. Өйткені журналистика мен үшін - ең ғажап әлем.
- Тұлға ретінде қандай шығармашылық ортада қалыптастыңыз?
- Менің журналистикадағы үлкен баспалдақтарым «Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиеті» болды. Халыққа танытқан да осы басылымдар. Жазушылар одағында үлкен әдеби ортадан өттік. Жасыратыны жоқ, біздің кезімізде қазақ жастарын қалаға тым жақындатпау, тұрақты қоныстандырмаудың жымысқы саясаты жүріп жатты. Қазақ жастарының қалаға келуіне, орнығып қалуына кедергілер мен тосқауылдар көп болды. Бетіңе ашық айтылмағанымен, жолатпаудың әрекеті сезіліп тұратын. Бес жыл тіркеуде болуың керек. Уақытша тіркеуге тұрғаныңмен, мерзімі біткен соң ұзартпайды. Қазақтың балалары техникалық жоғары оқу орындарына бара алмады. Барғызбады. Олардың оқитындары - гуманитарлық, мал дәрігерлік сияқты екінші деңгейдегі мамандықтар болды. Журналистиканы таңдағанға дейін мұның бәріне көп мән берген жоқпын. Кейін байқасам, сол уақыттарда қазақтың аға буын ақын-жазушыларының жастарға қамқорлық жасағанының арқасында ғана біраз қаракөз жиналып қалыпты. Бұл ақиқат. Бұрынғыларын айтпай-ақ, бергісін атасақ, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, Дидахмет Әшімханов, Уәлихан Қалижан сияқты ақын-жазушыларымыз қолынан жазу келетін жас қаламгерлерді әдеби ортаға жинады, ақыл-кеңестерін айтты. Бағыт-бағдар берді. Біздің буын сол кезде қазақ зиялыларының ұйымдасқан іс-әрекетінің шапағатын көрді. Студент кезімізде Жазушылар одағында болатын әдеби кештерден қалмайтынбыз. Бүгінгі жастарға да сондай қамқорлық жасалуы керек шығар деп ойлаймын.
- Осындай ортада тәлім алған азамат, қаламгер ретінде бүгінгі қазақ әдебиетінің дамуына қандай баға берер едіңіз?
- Дәл бүгін әдебиет жоқ деп айтуға болмайды. Әдебиет бар, тек соны насихаттайтын қызмет әлсіреп қалды. Кезінде әдебиетті насихаттайтын арнайы мекеме - Бюро болды. Соны қайтадан қалпына келтіріп, насихаттық жұмыстар жасалса, игілікті іс болар еді. «Мынадай жақсы роман, әңгіме, повесть шықты» десе, хабарлап, насихатталып отырса, әдебиетке құмар жастар іздеп жүріп, оқыр еді. Ондай үрдіс қазір көрінбейді. Өз ойым: Қазақстан Жазушылар одағында жастармен жұмыс жасайтын бір орталық ашылса, соған жастардың еті тірілеу біреуі жетекшілік етіп, шығармашылық байланыстар нығайтылса, керемет болар еді.
Қазақ әдебиеті әлем әдебиетінен кем емес. Сонымен бірге қазіргі таңда дүниежүзілік әдебиетті және өзіміздің ұлттық әдеби қазыналарымызды бір тілден бір тілге тікелей аударатын жазушы-аудармашыларымыз көптеп шығып жатыр. Бұл біздің әдебиетіміздің халықаралық дәрежеде көрінуіне жақсы мүмкіндік береді. Әлгінде қаламгердің қоғамдық белсенділігі туралы сұрадың. Әдебиеттің айналасында жүрген адам қоғамнан тыс бола алмайды. Ұлтыңның мүддесін ойлап отырып жазатын болсаң, күреске араластың деген сөз. Қазақтың тілі қыспаққа түсіп тұрған сынамалы кезеңде тілді қорғайтын да ақын-жазушылар болуы керек. Тіліміз құрыса, онда біз не үшін, кім үшін жазамыз? Жазғандарымызды оқитын адамдар қалмаса, ондай әдебиеттің не керегі бар? Сондықтан тіл мәртебесін биіктетуге барлық ақын-жазушылардың атсалысқаны керек. Тіл мәселесі деген - қазір қазақтың ең жанды жері ғой. Ол біздің жүрегіміз. Жүрегіміз қазақ деп соқпаса, қазақтың даласын болашақта көз алдыма елестете алмаймын. Тілімізді, «Ұлы Дала Елінің» рухани қадір-қасиетін сақтауға күш салмасақ, ата-бабаларымыздың аруағы күңіренбей ме. Ойымызды батыл айтуымыз керек. Қазір жасқанудың қажеті жоқ. Министрлер келеді, кетеді. Ал қазақтың тілі мен әдебиеті қалады. Ол - мәңгілік. Мәңгілік мұрамыздың діңгегі мықты болуы үшін өздерің сияқты жас қаламгерлер мен біз сияқты аға ұрпақ өкілдері әрқашан бір тұғырдан табылуы тиіс. Тіл мәселесіне орай жиындардың қорытындысы өзге адамдардың қаперіне жетпеуі де мүмкін ғой. Сол себепті баспасөздің рөлін пайдалануға көбірек мән беруіміз керек. Өз басым жүрген жерімде қазақ газеттерін үнемі насихаттап жүремін. Қызмет істеген мекемелерімнің барлығында да қазақ басылымдарын жаздыртуға, жастардың сол газеттерді оқуына көңіл бөлемін. Осындай насихат жұмыстарын кез келген қазақ азаматының жасағаны абзал деп ойлаймын.
- Бүгінгі жастар, олардың бойындағы қасиеттер қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Жастарымыз ең алдымен білімді, саналы болу керек. Барлық саланы меңгеріп, көшбасшылық танытуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар ұлттық рухты бойына сіңіріп, еліне, жеріне қызмет етуі қажет. Сонда ғана жастар ел үмітін ақтай алады. Мемлекет те өз тарапынан жастарға қамқорлық жасауды басты нысанада ұстауы керек. Мәселен, Елбасы зиялы қауым өкілдеріне жыл сайын арнайы стипендия тағайындайды ғой. Осындай стипендияны облыс, қала әкімдері шығармашылық саласындағы жастарға неге тағайындамасқа? Қолында билігі бар азаматтар осы жағына көбірек мән берсе деп ойлаймын. Әлеуметтік мәселесі шешілмеген, басында баспанасы жоқ адам алаңсыз шығармашылық жұмыспен айналыса алмайды ғой. Қазір газет-журналдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің баспаналы болуына заң жүзінде ешқандай мүмкіндіктері жоқ. Ең бір сырттта қалғандар солар - рухани салада еңбек етіп жүрген жастар. Елдің есінде болар, Алматы қаласында Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған уақытта 200-ге жуық жас ақын-жазушы баспаналы болды. Сол дәстүрді жаңғыртсақ артық болмайды. Кез келген мемлекеттің әлемдік экспансияға қарсы қоятын күші рухани мықтылығы болса, оны дамытатын жастар екенін есте ұстағанымыз жөн. Алаш арысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты» деп жазды. Осы жағына көбірек көңіл бөлсек деген ойым бар.
- «Ұлт мұраты» дегенді қалай түсінесіз?
- Осыған дейінгі жиналған ұлттық қазынамыз бар. Солардың бәрін келесі ұрпаққа жеткізу, қазақтың тілін сақтау, рухани байлықты одан әрі байыту - біз үшін ұлттық мұрат сол. Егер ұлттық болмысыңнан айырылып қалсаң, анау Америкадағы үндістер секілді жүресің. Қазақ қазақ болғалы талай жақсы дүниелерін қалдырды ғой. Соның бәрін бір күнде ысырып тастауға болмайды. Қазір ағылшынша үйреніңдер деп жатыр. Мәселен, мен 60-тың асқарына шыққан жасымда ағылшынша үйренсем де, ағылшынша жаза алмайтыным анық. Жазған күнде де, менің ұсынған дүниемді ешкім де оқымайды. Өйткені менің жазатыным қазақтың мәселесі. Жазғандарым қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ. Ал керек адам өзі-ақ аударып алады. 1989 жылы 10 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетіне «Желтоқсан жаңғырығы» деп аталатын мақалам жарық көрді. Сол мақалам кезінде 12 тілге аударылды. Алдымен орыс тіліне білікті журналист, қазіргі таңда «Экономика» газетінің бас редакторы болып қызмет атқаратын Ақас Тәжутов аударған еді. Содан басқа тілдерге аударылды. Түйіндей келгенде, ұлттық мұрат дегеніміз - ұлттық болмысыңды сақтау деген сөз.
- Қалың оқырман қауым сізді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын зерттеп, зерделеп жүрген қаламгер ретінде де таниды. Бұл бағыттағы еңбектеріңіздің аз емес екенін білеміз.
- Өкінішке орай, жасындай жалт еткен Желтоқсан қозғалысы уақыт қойнауына сіңіп, алыстап бара жатса да, зерттеушілер тарапынан әлі де болса жан-жақты сараланбағаны рас. Бұл туралы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты кітабындағы: «...Күнделікті күйбеңмен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз» деген тұжырымы әділ айтылған.
Шығармашылық еңбек жолымда 6 кітап жазған екенмін. Сол кітаптардың төртеуі Желтоқсан тақырыбына арналды. «Үш күннің дерекнамасы», «Мұзда жанған алау», «Қайсар рухты қазақ», «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітаптарым жалпы таралымы 74 мың данамен жарық көрді. Желтоқсан - бұл тарихымыздың бір бөлшегі. Қазақтың рухы! Еліміздегі патриотизмді күшейткіміз келсе, желтоқсанның мән-мағынасын түсіндіруміз керек. Біз әлдебіреулердің теріс түсініп жүргеніндей ол кезде орыстарға қарсы шыққан жоқпыз. Ұлттық езгіге, кемсітушілікке қарсы бас көтердік. Тілімізді, жерімізді қорғадық. Азаттық алуды аңсадық. Бар болғаны сол. Қазақтармен бірге алаңда 18 ұлттың өкілі болды. Орыс, ұйғыр, грузин және тағы да басқа ұлт өкілдері жүрді. Мен осы мәселені арнайы зерттеп шықтым. Бірақ Мәскеу тапсырмасын орындаушылар абақтыда қазақтарды ғана алып қалып, қалғандарын босатып жіберіп отырған. Мұндай баскөтерулер Алматыдан кейін Саха, Грузияда, Әзербайжанда, Балтық жағалауы елдерінде орын алды.
Тәуелсіздігіміздің тұнық бастауында тұрған Желтоқсан тақырыбын әлі де тиянақтап, жүйелі оқытатын мемлекеттік оқу бағдарламасы жасалуы тиіс деп санаймын. Қазіргі оқушылардың компьютерге бейім екенін ескере отырып, осы тақырып жайында заман талабына сай электронды энциклопедия шығарған жөн. Иә, шын ниет болса, бұл салада атқарылар қыруар шаруа тұр. Мәселен, 1993 жылы демократияны қорғап қалған ұландарын әспеттеген ресейліктер секілді Желтоқсандықтарды да ұлт батырлары ретінде ардақтап, мәртебесін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіруге болмай ма? Болады. Сонда пәтер алуға да, тағы басқа жеңілдіктерді иеленуге де заңды мүмкіндіктер туар еді.
- Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осы орайда біз Тәуелсіздігімізді, оның қадір-қасиетін қаншалықты бағалай алып отырмыз?
- Тәуелсіздіктің керек екенін халқымыз түсінді ғой. Бүгінгі ұрпақ жемісін көріп отыр. Жастар әлем елдерінде оқып, білім алып келіп жатыр. Шетелде еңбек етіп жүрген қазақ жастары бар. Халқымыз 25 жылдың ішінде капиталистік қоғамның заңдылықтарына үйрене бастады. Өз еңбектері арқылы елдің экономикасына үлес қосуға болатынын да түсініп қалды. Еркін жұмыс жасауға, кез келген кәсіпті меңгеруге жол ашылды. Мысалы, біздің кезімізде екі жерде жұмыс істеу деген мүлде болмаған үрдіс. Бірден заңға тартатын. Ал қазір шектеу жоқ. Егер мүмкіндік болса, үш жерде де жұмыс істе. Бұл енді қалаға тән жағдай. Ал осы орайда мені ауылдың жағдайы қатты алаңдатады. Тәуелсіздіктің жемісін қалалықтармен бірге ауылдықтар да көруге тиіс. Қаладағы қазақтардың бәрінің бірдей болмаса да, негізінен жағдайлары жақсы. Ауылда олай емес. Баяғыда азық-түлікті ауылдан әкелуші едік, қазір қаладан ауылға апаратын болдық. Ауылдың жағдайының қандай екенін содан-ақ көруге болады. Қазақтың тамыры ауылда ғой. Ендеше, ауылды көтеруге баршамыз көңіл бөлуіміз керек, жұмыс орындарын көбейтіп, мәдени-рухани келбетінің жақсаруына тиісті жағдай жасалуы керек деп ойлаймын. Айта берсе сөз көп қой, іске көшетін уақыт туды деп санаймын.
- Қазір «Нұр Отан» партиясының қатарында елдің сөзін сөйлейтін азаматтармен бірге иықтаса қызмет атқарып жүр екенсіз. Бұл орайда қалалық филиалдың Баспасөз қызметінің алдына қандай міндеттер қойылып отыр?
- «Нұр Отан» - билік пен халық арасындағы рухани байланысты нығайта отырып, қызмет істеуді басты мұрат тұтатын партия, ал Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін жақсы білесіздер. Мұндай іргелі партияда қызмет істеу кімге де болса үлкен абырой деп білемін. Өз басым қалалық филиалдың Баспасөз қызметіне арнайы шақыртумен келдім. Жауапкершілік өте күшті. Қазіргі кезде «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылуын қадағалау міндеті «Нұр Отанға» жүктелген. Сонымен қатар, ел-жұрттың мұң-мұқтажы мен әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелереді бақылау, халық мүддесі тұрғысынан шешуге ықпал ету де басты назарда. Бүгінде қарапайым азаматтар да «Нұр Отанның» халық мүддесін қорғай алатындығына берік сенетіндіктерін білдіруде. Сондықтан еліміздің гүлденуі үшін жүйелі еңбек етіп, ортақ мақсат жолында биік белестерді бағындырып жүрген үлкен ұйымның тыныс-тіршілігін жалпақ елге уақытында жеткізіп отыру - күнделікті кәсібіміздің бір саласы болып саналады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ