Жастардың тәрбиесіне ерекше мән беру керек – Қорғаныс министрі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде жастар арасындағы шиеленіске жол бермес үшін олардың тәрбиесіне назар аудару керек екенін айтты. Өйткені жас сарбаздар бір мерзімде бірге шақырылған қатарластарымен келіспей жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл проблеманы егжей-тенжейлі зерделеу керек. Жастар арасында не себепті осындай қарым-қатынас қалыптасқан? Қазіргі кезде сарбаз тек бір жыл ғана қызметте болады. 12 айдан кейін үйіне оралады», - деді Р.Жақсылықов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап беріп.
Ол кеңестің кезеңде жастар екі-үш жыл әскерде болғанын да еске салды.
«Ал қазір мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер бір жыл қызметте болады. Бұл ретте 18-19 жастағы балалар арасында қандай әлімжеттік ахуал болуы мүмкін? Қатарластарымен келіспей қалуы ықтимал, өйткені әскерде тек ер адамдар», - деді ведомство басшысы.
Министр жастар арасындағы кикілжің көшеде де жиі кездесетінін айтты.
«Сондықтан жастардың тәрбиесіне мән беру керек. Бұл жастарды оқыту мен тәрбиелеу - біздің ортақ міндетіміз», - деді Руслан Жақсылықов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына қатысты пікір білдірді.
Жақында Маңғыстау облысында шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған болатын.
Айта кетейік, Президент армияда өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты комиссия құруды тапсырды.