Жасы 14-тен асқан велосипедшілер автобус жолағымен жүре алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол қозғалысы ережесіне велосипедшілерге қатысты өзгерістер енгізілді,  деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Жасы 14-тен асқан велосипедшілер автобус жолағымен жүре алады

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, жол қозғалысы ережесінде бұрын болмаған «велосипедші», «велосипед жолы», «велосипедке арналған жолақ» деген сөздер енгізілген, сондай-ақ «мопед», «жол жиегі» деген сөздердің түсінігі барынша кеңейтілген.

 Велосипед жолы және велосипед жолағы бойынша велосипед жүргізушілеріне жас ерекшеліктеріне қарамастан қозғалыс рұқсат етілген, сонымен бірге бұл жолдармен мопед жүргізушілеріне де жүруге болады.

 Велосипед жолы мен велосипед жолағы жоқ жерлерде мопед пен велосипед жүргізушілері (14 жастан жоғары) жолдың оң жақ бөлігінің шетімен қозғалуына болады, сондай-ақ оларға маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалуға да рұқсат етілген.

 Барлық велосипедшілер, соның ішінде жасы 14 жастан төмен балалар велосипед жолы мен жолағы жоқ жерлерде жол жиегімен, тротурар немесе жаяу жүргіншілер жолымен (жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік тудырмайтын жағдайда) қозғалуына болады. Басқа жағдайларда велосипедші жаяу жүргінші ретінде велосипедін жетектеп жүреді.