«Жасыл экономикаға» көшуге әлем қалалары мүдделі

- Астана қаласы төртінші рет ассамблеяның маңызды шарасын өткізіп отыр. Биылғы сессия жұмысы баламалы энергия тақырыбын арқау еткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесімен тұспа-тұс келді. «Жасыл экономикаға» көшу - адамзат алдындағы экологиялық ахуалды жақсартудың бірден-бір жолы. Ендеше, аталмыш міндет экономикалық, әлеуметтік, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді, - деді қала әкімі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, пленарлық отырыста қаралатын тақырыптар көрме мазмұнымен үндес. Оның бірі - қаланың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылды технологияларды енгізу болса, екіншісі заманауи урбанизация жағдайында көлік жүйесін басқару.
Басқосуға 28 қаланың 100-ге жуық өкілдері, 5 халықаралық бірлестік пен бірқатар ғылыми және сараптамалық ұйымдардың мүшелері қатысты. Басты мәселе - қалалардың кешенді тұрақты дамуын қаматамасыз ету үшін инновациялық шешімдер іздеу. Жиында сөз алған «ТМД-ның экономикалық даму іскерлік орталығы» коммерциялық емес серіктестігінің бас директоры Владимир Савченко алдымен еліміздің халықаралық аренадағы беделін сөз етті. «Тура 25 жыл бұрын дәл осы елде Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы шартқа қол қойылған еді. Енді, міне, бой көтергеніне 19 ғана жыл болған қалада бас қосып отырмыз.
Президент бастамасымен салынған қала аз уақыттың ішінде әйгілі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды жыл сайын ядролық қарусыздану күні ретінде атап өтеді, бұл да Қазақстан Президентінің еңбегі. Жақын арада мұнда ТМД елдерінің зиянды қалдықтарды жою мәселелеріне арналған сессиясы өтеді. Ал бүгін қалаларды басқарудың тиімді жолдарын құруды талқыламақпыз» деді ол.
Сессия барысында Астана әкімі Әсет Исекешев 2020 жылға дейін қаланы дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін айтып, онда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен қалалық ортаның сапасын көтеру және халықтың табысын арттыруға негізделген бағыттарды ерекшеледі.
Ірі қалалар мен астаналардың халықаралық ассамблеясы - қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірлесіп әрекет етуді ұйымдастыру үшін 1998 жылы құрылған қоғамдық ұйым. Қазіргі уақытта оның құрамына ТМД-ға кіретін 9 елдің 87 шаһары бар. Біздің еліміздің 9 қаласы мүше. Бұған дейін 2001, 2005 және 2008 жылдары өткізілген жиын елордада биыл 4-інші рет ұйымдастырылып отыр.
Басқосуда ассамблеяға мүше қалалардың басшылары қаланы дамытудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Бірі жасыл технология саласында жеткен жетістіктерін айтса, енді бірі қаланы басқарудағы жаңаша ойларын ортаға салды. Ақылды қалалардың қатарына кіру жолындағы сәтті қадамдарын айтқандар да болды. Осылайша, қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында қаланың кешенді тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша инновациялық жетістіктерін таныстырып, тәжірибе алмасты.
Халықаралық ассоциация сессиясының қарауына 2016-2017 жылдар аралығындағы Ассамблеяның қызметі жөніндегі есебі тыңдалып, болашақтағы қызмет аясының басым салалары айқындалды. Одан кейін сессия бағдарламасы пленарлық отырысқа ұласты. Әр аймақтан келген сарапшылар қаланың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылды технологияларды енгізу мен заманауи урбанизация жағдайында көлік жүйесін басқару мәселелерін талқылады.