«Жасыл ел» бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асуда - Ерлан Нысанбаев

Бүгін Алматыда өткен 10-шы Орман шаруашылығы кешені және орман шаруашылығы жөніндегі үкіметаралық кеңесте ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев жүзеге асырылып жатқан 3 жылдық «Жасыл ел» бағдарламасының орындалуы туралы осындай пікір білдірді.
Комитет төрағасының айтуынша, орман өртінің орташа жылдық көрсеткіші 69 мың гектарды құрап, орман телімдерінің азаюына байланысты бірінші кезеңде күтілген нәтижелерді қамтамасыз ету мүмкін болмаған. Екінші кезеңде бағдарлама жүзеге асыруда өрттің ауқымының жылдық көрсеткішінің 5,5 мың гектарды құрауына орай бірқатар табыстарға қол жеткізілген. Нәтижесінде, бірінші кезеңінде орман көлемі 85 мың гектарға, екінші кезеңде 145 мың гектарға ұлғайтылған. Ал биылғы жылы 16,5 мың гектарға ұлғайтылмақ. Сонымен қатар «Орманды сақтау мен орманды алқапты ұлғайту» бағдарламасы аясында Арал теңізінің құрғап қалған табанына 6,5 мың гектар жерге ағаш отырғызылған. Комитет төрағасының айтуынша, бұнымен қатар санитарлық-қорғалатын орман аймағын қалыптастыру бағытында да жұмыстар жалғасуда. Еліміздегі көптеген қалалардың жартылай шөлейт немесе толықтай шөлде орналасқанын ескерсек, санитарлық-қорғалатын аймақ қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Сонымен қатар, қала маңдарын көгалдандырудың пайдалы тұстары да көп. «Астана маңындағы орман орналастыру тәжірибесі көрсеткендей, орман орналастырылған жерде биоалуандық пайда болады. 1998 жылы отырғызылған ағаштар бүгінде орманға айналып, қырғауыл, қарсақ және басқа да құстар мен аңдардың пайда болғандығын байқауға болады», дейді Е.Нысанбаев. Бағдарлама аясында Астана маңында 85 мың гектар орман алқабын қалыптастыру көзделгендігін ескерсек, алдағы уақытта Астана маңы ну орман болатындығын аңғару қиын емес. «Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы жастарды еңбекке тарту. «Жасыл ел» бағдарламасының аясында 90 мың адам жұмыспен қамтылды. Жастар тек қана қалаларда ғана емес, орманды өрт шалған аумақтарда да жұмыс істейді», дейді Е.Нысанбаев. Комитет төрағасының айтуынша, бағдарламада байқалғандай, өртке қарсы тұруда мемлекеттік мекемелер арнайы техникалармен қажетті деңгейде жабдықталмаған. «Жалпы алғанда, орман саласын өрт сөндіру автокөліктерімен жабдықталу 63 пайыз, тракторлармен қамтамасыз ету 62 пайыз көлемінде. Техникамен толық жабдықталмау - өртке қарсы тұру шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жыл бойы жұмыс істейтін өртке қарсы құрылым құру қажет. Өртті сөндіру үлкен мәселе. Тұрақты қызметтің жұмыс істеп, кәсіби мамандардың болуы өртке қарсы қызметтің көрсеткіші», дейді ол. Бұл ретте ол әуеден шолғыншылық қызметті күшейту қажеттігін атап өтті. Бағдарламаның тағы бір көрсеткені, жеке орман отырғызу мен ағаш көшеттерін өсіру мекемелерінің санын ұлғайту қажеттілігі, дейді Ерлан Нысанбаев. Оның айтуынша, бұл бағытта Семейде құны 7,5 миллион долларлық замануи орман кешенінің құрылысы басталмақ. «Бұл шаралардың барлығы орманды күзету мен сақтау, өсірудегі жағдайды тұратандыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын», деді ол.
ҚазАқпарат анықтамасы: «Жасыл ел» бағдарламасын ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі жүзеге асыруда. 2008-2010 жылдар аралығында жүзеге асырылу тиіс бағдарламаның негізгі мақсаты еліміздегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мен жақсарту. Бұл үшін жастарды тарта отырып, орман алқаптарын қалыптастыру, орманды өңірлерді ұлғайту, ауылды аймақтарды көгалдандыру көзделген.Бағдарлама бойынша 3 жылда 145,18 мың гектар жерге ағаш отырғызу қарастырылған. Бұның 37,49 мың гектры 2008 жылы, 47,63 гектары 2009 жылы, 60,06 мың гектары биылғы жылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ бағдарламаның басты мақсатының бірі - Астана маңындағы жасыл белдеуді 15 мың гектарға ұлғайтып, қалалар мен ауылды жерлерде 13 миллион дана жасыл ағаш отырғызу. Сондай-ақ бағдарламаның жүзеге асуымен орман өртінен зардап шегетін алқаптар азайып, Астана маңында санитарлық-қорғалатын аймақ қалыптасады және жыл сайын орман шаруашылығының 47 қызметкерінің кәсіби біліктілігі арттырылып , көшеттерді өсіруде жаңа технологиялар енгізіліп, жаңа селекциялық-тұқымдық нысандар көбейтілмек.