08:34, 07 Шілде 2009 | GMT +5
«Жасыл орман» шипажайында 200 ардагер денсаулығын түзеп, тынығып қайтты
КӨКШЕТАУ. Шілденің 7-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Щучье ауданының көрікті аймағында орын тепкен «Жасыл орман» шипажайында жыл басынан бері мыңға тарта адам, соның ішінде екі жүз соғыс және еңбек ардагері денсаулықтарын түзеп, тынығып қайтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Демалу, сауықтыру орталығының директоры Дүйсенбек Аманжоловтың айтуынша, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында қарттарға әлеуметтік қолдау көрсету, олардың тегін, арзан тынығуына мүмкіндік жасау қолға алынып отыр. Ол жергілікті жерлердегі әлеуметтік қолдау көрсету орталықтарына сүйене іске асырылуда. Жыл соңына дейін тағы да 600 қария осындай жеңілдіктерді пайдаланатын болады. Шипажайда соңғы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып, ем қабылдаудың жаңа жабдықтары орнатылған. Нәтижесінде мұнда жыл онекі ай бойы 20-ға тарта ем қабылдауға мүмкіндік бар. Оның сыртында «Жас отау» бағдарламасына сай арнайы орын әзірленген. 18 туристік маршрут бойынша табиғат аясында серуендеу ұйымдастырылып отыр.