Жат жерге барып, жат пиғыл танып келгендер де бар
Талаптанып оқу іздегендеріне де, тырмысып жан бағам дегеніне де дүниенің қай қиырын да мекен етуге болады. Өкініштісі, өзге елге барып, жат мәдениетті бойына сіңіріп, қала берді елге келіп жасырын ірітіп, шірітетіндердің де бар екендігі байқалып жатады. Аялдамадағы екі жастың әңгімесіне куә болдым. Қазақтың қарадомалақ баласы қасындағы жолдасына өзінің түсінігіндегі өзге елдің жақсы жақтарын мақтауда. Онысы, тіпті, көп болып шықты. Біраз уақыт шетелде өмір сүріп келген жас үшін қазақтың таным-түсінігі, наным-сенімі жат. Қатарлас отырған жігіттің бүгінгі өмірге деген көзқарасы өзгеше. «Кейбір елдер рұқсат беретін бір жыныстылардың некеге тұруын елімізде неге заңдастырмасқа?» деген «тілекте» оның ойынша қалыпты ұсыныс екен. Айтуынша, бізде де біржыныстылар көп және оларды қоғам қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға тиіс. Сол себепті, жасырып-жабудан ештеңе ұтпайтынымызды, шетелдегі сияқты заңмен рұқсат етіп, халықтың да олардың қалыпты тірлік кешулерін мақұлдауы жөн дейді. Жат діннің жетегінде кетіп, қазақтықтан жерініп отырған жігіттің қынжылысты қыжылы бұл ғана емес секілді. Оның көзқарасындағы бүгінгі ұлттық құндылықтар өзінің өзектілігін әлдеқашан жойып, тарих қойнауына кетуге тиіс ұстанымдар көрінеді.
Дініміз жат санайтын бұл мәселеге «Неке және отбасы» кодексі үзілді-кесілді тыйым салғанына қарамастан былтыр Қарағандыда лесбянкалар некесін қиып, елді дүрліктірген еді. Ақыры бас қосқан жұптардың бақыттары баянсыз болып, бірінің қолынан екіншісі ажал құшып тынған-ды.
Дінімізге жат, дәстүрімізге қайшы дүниелерді өзге елдегідей мақұлдау керек деп өз ішімізде ірітіп отырғандардың қарасы бір мұнымен бітпеуі де мүмкін. Жат жерге барып, жат пиғыл таңып келгендердің әрқайсысы өз еркімен жүру керек деген қасаң қағида болса да, дін жат санайтын, заң терістейтін дүниелердің қоғамымызға дендеп еніп кетпесіне кепілдік жоқ.