Жатыр мойны обырымен жастар да ауыратын болған - онколог
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қол жеткізілген белгілі бір жетістіктерге қарамастан, жатыр мойны обыры жиі кездесетін қатерлі ісіктер санатында. Солтүстік Қазақстан облысында 554 әйел осы диагнозбен диспансерлік есепке алынған. Биыл тағы алты әйелде дерт анықталды. Көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығының онколог-маммологы Ирина Астанинаның айтуынша, жатыр мойны обырының алдын алуға болады.

Маманның айтуынша, көбіне бұл патология 40 жастан 50 жасқа дейінгі әйелдерде байқалады. Алайда соңғы жылдары 35 жасқа дейінгі келіншектерге де бұл диагноз жиі қойылатын болған. Мұның бірнеше себебі бар: ол - халықтың дерт жайында білімінің төмендігі және жатыр мойны ауруларын қатерлі ісікке дейін асқындырмай, уақтылы емделмеу.
«Жатыр мойны обыры алдын алуға болатын аурулардың қатарына жатады. Бұл ісіктің баяу өсуіне байланысты және жатыр мойны визуалды тексеруге қолжетімді орган, гинекологиялық тексеру кезінде өзгерісті байқауға болады.
Жатыр мойны рагына адам папилломасының вирусы, тұқымқуалаушылық, фондық аурулар - эрозия, лейкоплакия, поли, кондилома, қатерлі ісікке дейінгі процестер – дисплазия, гормоналды препараттарды ұзақ уақыт, бақылаусыз қабылдау және тосқауылдық контрацепциядан бас тарту, салдарынан жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыру, жыныстық өмірді ерте - 14 жастан бастау себеп болуы мүмкін.
Жыныстық серіктестерді жиі өзгерту, темекі шегу де, иммундық жүйенің әлсіздігі, жиі бала туу, әлеуметтік төмен жағдай да обырдың пайда болуына әкелуі мүмкін», - дейді дәрігер.
Жатыр мойны обыры ұзақ уақыт бойы белгі бермейтін ісіктерге жатады. Ауру асқынған жағдайда ғана алғашқы белгілер пайда болады.
«Көбіне сырқаттарда менструалды кезеңнен тыс уақытта да қан кетуі мүмкін. Бұл - жатыр мойны обырының негізгі белгілерінің бірі болып саналады. Аурудың басында жыныстық қатынастан кейін немесе ауыр зат көтергенде қан кетуі мүмкін. Сонымен қатар иісі жағымсыз ақшыл сұйық зат бөлініп, іштің төменгі жағы ауырады. Салмақ жоғалту, шаршаңқылық және кейде зәрде қан пайда болуы да осы ауру белгілеріне жатады.
Екінші белгілері – ісік метастаз беріп, көрші органдарға әсер еткенде, қабыну процесі жүргенде білінеді. Ол - ауырсыну, дене температурасының жоғарылауы, аяқ-қолдардың ісінуі, ішек функциясының, зәр шығару жүйесінің бұзылуы.
Жатыр мойны қатерлі ісігінің жалпы белгілері: әлсіздік, тез шаршағыштық, тәбеттің болмауы, салмақ жоғалту.
Егер осы белгілердің кез келгені пайда болса, дереу тұрғылықты жері бойынша гинекологқа тексерілген жөн», - дейді Ирина Астанина.
Маманның айтуынша, дәрігер қажетті зерттеулерді жүргізеді, соның ішінде айнамен жатыр мойнын тексереді, кольпоскопия жасап, жатыр мойнынан онкоцитологияға жағынды алады. Қынаптық, ректалды зерттеу жүргізіп, бірқатар ультрадыбыстық зерттеу жасайды.
«Жатыр мойны обырының алдын алуға болады. Оның бір жолы - халықтың белгілі бір тобын вакцинациялау.
Әр адам өз денсаулығына жауапты. Ең алдымен саламатты өмір салтын ұстанып, жылда дәрігердің тексерісінен өтіп тұрған жөн. Ол не үшін керек? Егер де органда қандай да бір өзгеріс, обырға әкелетін аурулар пайда болса, оны асқындырмай, емдейді.
Жеке қорғаныс құралдарын – мүшеқапты пайдалануға кеңес беремін.
Жасанды түсік жасамау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, кездейсоқ жыныстық қатынастарды шектеу.
Темекіні тастап, иммунитетті нығайту, яғни дұрыс тамақтану, денені шынықтыру – мұның бәрі қатерлі ісіктің алдын алады», - дейді онколог.