Жатыр мойны обырының «жасарып» бара жатқаны алаңдатады – онколог
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы онкологиялық орталығына «жатыр мойны обырының II сатысы» диагнозымен 26 жастағы әйел жеткізілді.

Онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Райхан Болатбекованың айтуынша, науқас бір жыл бойы қанды бөліністер мен шағымдарға қарамастан дәрігерге жүгінбеген. Оның екі баласы бар.
Жағдайы нашарлап кеткен кезде ғана ол медициналық тексеруден өтуге келген.
— Онкологиялық орталықтың дәрігерлері күрделі операция жасады. Жатыр, жатыр мойны және регионарлық лимфа түйіндері алынды. Науқастың жас болғандықтан, дәрігерлер аналық бездерді сақтап қалу туралы шешім қабылдады, бұл болашақта суррогат ана болу арқылы ана атануына мүмкіндік береді, – дейді Райхан Болатбекова.
Үш сағатқа созылған операция сәтті өтті, қазір әйел мамандардың бақылауында және химио-сәулелік терапия түрінде қосымша ем қабылдап жатыр.
Дәрігердің сөзінше, Алматыда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. 2024 жылы бұл диагноз 206 әйелге қойылды. Негізгі жас тобы — 35-тен 50 жасқа дейінгі әйелдер.
— Жатыр мойны обырының «жасарып» бара жатқаны алаңдатады. «Мысалы, Алматыда 20–24 жас аралығындағы қыз-келіншектерде жатыр мойны обыры тіркеліп жатыр. Ерте сатыда бұл ауру айқын белгілерсіз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты профилактикалық тексерулер мен скринингтен өту арқылы жатыр мойны обырын бастапқы кезеңінде анықтап, сәтті емдеуге болады, — дейді онкогинеколог.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет тегін скринингтен өте алады. Бұл — цитологиялық жағынды алу арқылы жүргізілетін, ерте диагноз қоюдың қарапайым әрі қолжетімді әдісі.
Дәрігерлер барлық әйелге тіпті болмашы белгілердің өзін елемеуге болмайтындығын және гинекологқа тұрақты түрде баруға кеңес береді. 26 жастағы науқастың жағдайында кешігу оған репродуктивті функциясын сақтау мүмкіндігінен айырылуына себеп болды.
Осыған дейін жатыр мойны обырының қалай алдын алуға болатыны туралы жазған болатынбыз.