Жауды жайратқан жармалық мерген: 397 фашистің көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков жайлы не білеміз

Он жасында мылтық ұстаған
Жармалық мерген 1916 жылы Қапанбұлақ ауылында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласқан Төлеуғали 10 жасында атасының мылтығын алып оқ атуды үйренеді. Батыр бабамыз аштық белең алған зұлмат жылдары аң аулап, өз отбасының ғана емес, мұқым ауылдастарының қазанына ас салып отырған. 1932 жылы ол туған-туыстарының шақыртуымен Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауылына көшіп келеді. Осыған байланысты, Жарма ауданының мұрағаттарында Төлеуғали Әбдібеков жайлы деректер сақталмаған екен.
Өзіне бейтаныс өңірге табан тіреген бозбала мақта өсірумен айналысып, нан табады. Іске ширақтығы мен табандылығының арқасында бастықтың көзіне түсіп, мақташылар бригадасының бригадирі лауазымына тағайындалған. 1938 жылы армия қатарына қабылданған Төлеуғали 2 жыл әскери борышын өтейді. Ал соғыс басталғаннан кейін сұр мерген 1942 жылы Панфилов дивизиясының 1077 атқыштар полкіне түскен. Архив деректерінде анық жазылғандай, Ұлы Отан соғысында снайпер болған Төлеуғали Әбдібеков 397 фашистің көзін жойған. Рухы берік, қайсар мінезді жауынгер Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, I дәрежелі Отан соғысы, Ленин ордендерімен марапатталды. Алайда өшпес ерлік істесе де, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалған. Қанды майданда қиян-кескі ұрысқа түскен бабамыз 1944 жылдың 23 ақпанында оққа ұшып, ерлікпен қаза тапқан.
Осы ретте, ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың мерген жайлы мына пікірін ұсынуды жөн көрдік:
– Жау оғынан ықпай, қасқайып кеудесін тосқан батырларды пір тұту, дәріптеу ежелден келе жатқан дала дәстүрі. Халқымыз өзінің ержүрек ұлдарын – қайрат-рухымыздың қайнар көзі, ұлттық діліміздің діңгегі деп білген. Даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековтің есімі бүгінде елеусіз қалып бара жатқаны қынжылтады. Бүгінгі толқын Төлеуғали Насырханұлындай Батырының есімін неге білмейді деген сұрақ еріксіз көкейімді торлайды. Батыр бабамыздың соғыс жылдарындағы көзсіз мергендігі Кеңес Одағын былай қойып, барша әлемді таңғалдырған. Бір ғана мысалмен келтірейік, кеңінен дәріптеліп жүрген Кеңес Одағының Батырлары, атақты снайперлер Ф.Смолячков – 125, В.Зайцев – 255 жаудың көзін жойған екен. Ал, қазақтан шыққан мерген Төлеуғали Әбдібеков – 397 фашисті, яғни бір батальонға жуық жаудың көзін құртқан. Бұл теңдесі жоқ ерлік! Солай бола тұра Төлеуғали Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаған, әлі де ескерусіз қалып келеді.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық әскери мұрағаты гвардия аға сержанты Төлеуғали Әддібековтің ерен ерліктерін растаған. Сонымен қатар жармалық жауынгер 32 мергенді тәрбиелеп шығарыпты.
«Соғыста біздің қандасымыздан асқан, басқа бірде-бір мерген жайында нақты дерек кездеспейді. Ал ержүрек бабамыз неліктен КСРО Батыры атағын алмады дегенге келсек, командование оны Совет Одағының Батыры атағына өмірбаяндық анкетада өзінің немере ағасы Кемелбай Насырхановтың саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған екен. Міне мәселенің түп-төркіні қайда жатыр!» – дейді Бақытбек Смағұл.
Батыр есімін дәріптеу үшін…
Жарма ауданында көзі қырағы мергеннің ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау үшін бірқатар шара атқарылуда.
«Төлеуғали Насырханұлының есімін ұлықтау мақсатында аудан бойынша жоспар жасалып, бірқатар танымдық, тәрбиелік шара өткізілуде. Жерлесіміз туралы түсірілген «Сұрмерген» деректі фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылып, туындының авторы, қоюшы-режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Ғазизхан Әділхановпен кездесу өткен. Білім, мәдениет мекемелерінде «Ұмытылмас ерлік»атты пікір алмасу, «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» атты слайд-шоу, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» атты диалог шоу, басқа да еске алу шаралары өткізіліп, бұл жұмыстар жалғасуда, – делінген әкімдік ақпаратында.
Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыстамергендердің рөлі ерекше болды. Кеңес Одағы 1942 жылдан бастап үш, алты айлық мергендер курсын ашып, оларды даярлауға көп көңіл бөлген. Соғыстағы ең үздік снайпер Михаил Сурков 702 жаудың жанын жәһаннамға жіберді. Одан кейін Владимир Салбиев (601), Василий Квачантирадзе (534), Ахат Ахметьянов (502), Иван Сидоренко (500), Иван Кульбертинов (487), Василий Голосов (422) секілді мергендер көш басында тұр. Жалпы, 17 советтік мергеннің өлтірген фашисі 400-ден асып жығылады екен. 25 мерген 300-ден астам, 36 мерген 200-ден астам жауды жер жастандырған.
**
Шеңгелін жайған сұрапыл соғыста аянбай шайқасып, 400-ге жуық фашистің көзін құртқан атақты мерген Төлеуғали Әбдібековтің есімі ел есінде мәңгі сақталу керек. Қуантарлығы, былтыр Президент Жарлығымен Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен үш майдангер марапатталған болатын. Соның бірі – Төлеуғали Әбдібеков. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын» делінген Жарлықта.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен тыл ардагерлеріне жыл сайын Жеңіс күні мерекесіне орай әлеуметтік көмек берілетіндігін хабарлаған едік.
Биыл бұл мақсатта 532 млн 220 мың теңге қарастырылған.
Өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сүйенсек, соғыс ардагерлері 1,5 млн теңге алады.