Жаяу жүргіншілердің жерасты өткеліне көлікпен кіріп кеткен жүргізуші ұсталды

Ақтөбедегі Берсиев көшесіндегі жерасты өткеліне көлікпен кіріп, оны әлеуметтік желіге жариялаған жүргізуші ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform. 

Ақтөбе
Фото: instagram.com/akimat_nur_sultan

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары әлеуметтік желіге мониторинг жасап, жерасты жолында видео түсірген ақтөбеліктерді анықтады.

«Toyota Land Cruiser Prado көлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласы Берсиев көшесінде орналасқан жерасты жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жүргені анықталды. Патрульдік полиция қызметкерлері аталған көліктің жүргізушісін анықтап, полиция бөліміне жеткізіп, оған қатысты ӘҚБтК-нің 590 баптың 7-бөлігі және ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Екі көлік айып тұрағына қойылды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Кейін ақтөбелік жүргізуші өз ісі үшін халықтан кешірім сұрады. Алайда олар екі күн бұрын жөнделген жарықшамды сындырмағанын айтып тұр. Ақтөбе қалалық әкімдігі болса, мұны вандалдардың ісі екенін айтып, хабарлама таратты.

«Екі күн бұрын кезекті рет Ш.Берсиев көшесіндегі жерасты өткелінде және оған іргелес аумақта көше жарықтандыру элементтерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Өкінішке қарай, жарықтандыру элементтеріне тағы да вандалдар шабуыл жасады. Бұл жолы олар жаяу адамдарға арналған өткелге автокөлікпен кірген. Жалпыға ортақ мүліктің бүлінгені туралы ақпарат құқық қорғау органдарына құқық бұзушылардың жеке басын анықтау және жауапкершілікке тарту үшін берілді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жарықтандыру қалпына келтірілді», - деп жазды Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар