Жайық қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналмақ
ОРАЛ. KAZINFORM — 2001 жылы Орал қаласынан 12 шақырымдай жерден Жайық қалашығы табылғаны белгілі. Қазіргі таңда қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыру жұмысы қолға алынып отыр. Осы орайда Kazinform тілшісі «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мирболат Ерсаевпен сұхбаттасқан еді.

— Мирболат Бижанұлы, жаңадан құрылған мекеменің алғашқы қадамдары неден басталды?
— Бірден екпін түсіріп айтар едім, Батыс Қазақстан облысында «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музей-қорығының құрылуы — өңірдің ғана емес, күллі еліміздің тарихы үшін айтулы оқиға. Орал қаласының түбінде орналасқан бұл көне шаһар XIII–XIV ғасырларда Алтын Орда дәуірінің ірі орталығы болғаны белгілі. Ғасырлар қойнауынан жеткен осынау мұраны қайта жаңғырту ісі мемлекет тарапынан қолдау тауып, арнайы мекеменің ашылуы — тарихи әділеттің орнауының көрінісі.
Мекеме құрылған алғашқы күннен бастап ғылыми қауымдастық өкілдерін, тарихшылар мен мәдениет қайраткерлерін жұмылдыруға басымдық берілді. Жайық қалашығының жұмыс жоспары талқыланып, болашақта тұрақты ғылыми кеңес құру жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл бастама археологиялық зерттеулердің жүйелі жүргізілуіне, алынған деректердің ғылыми айналымға енуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар салалық сараптамадан өткен жобаның қорытындысы да жасақталды. Онда Жайық қалашығын жаңғыртудың әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-мәдени маңызы айқын көрсетілді. Жоба іске асқан жағдайда жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, туризмнің дамуына серпін берілмек.

— Бұл ретте жұмыс жаңа технологияларға негізделетін шығар?
— Әрине, солай. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында атап өтілгендей, жасанды интеллект пен цифрландыру бүгінде ел дамуының стратегиялық бағытына айналды. Осыған сәйкес Жайық қалашығында 3D сканерлеу, деректерді өңдеу, OCR және NLP жүйелерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл қадам археологиялық олжаларды дәл әрі жедел тіркеуге, жасырын құрылымдарды анықтауға, сондай-ақ туристер үшін заманауи интерактивті форматта ұсынуға жол ашады.
Мекеме жұмысына жергілікті қоғам өкілдерінің назарын аудару — маңызды міндеттің бірі. Осы мақсатта әлеуметтік желілерде ресми парақша ашылып, қала тарихын насихаттайтын бейнематериалдар мен жазбалар тұрақты түрде жарияланып келеді. Әрбір нысанға тарихи белгілер қойылып, аннотациясы бар билбордтарды орнату ісі басталды.

«Ақжайық» телеарнасы түсірілім жасап, Жайық қалашығының болашағы туралы арнайы бағдарлама дайындады. Бұл ақпараттық қолдау халық арасында кең қызығушылық тудырып, жаңа мекеменің абыройын арттыра түсті.
— Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жөнінде көптен бері айтылып келеді. Осы жобаның жүзеге асырыла бастауы қуантады, бұл жөнінде не айтар едіңіз?
— Иә, алда Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдырумен бірге мәртебесін халықаралық деңгейдегі ғылыми-мәдени орталыққа дейін көтеру жоспарланып отыр. Туризмді дамыту арқылы аймақтың экономикасына қосымша серпін беру, өңірдің тарихи имиджін нығайту — басты мақсат.

— Жайық қалашығынан табылған көне жәдігерлердің тарихи құндылығына тоқтала кетсеңіз?
— Жайық қаласынан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер осы жерде орта ғасырларда қалалық мәдениеттің болғандығын дәлелдейді. Бұл қанша уақыттан бері біздің мемлекетіміздің аумағында тек көшпелі мәдениет болды деген бұрыннан қалыптасқан түсінікті жоққа шығарып отыр.
Әрине, қазба жұмыстары басқа қалалар сияқты аумақты мөлшерде жүргізілмеді, алайда азғантай зерттеу жұмыстары нәтижесінің өзі тарихымыздағы көптеген сұрақтарға жауап беріп тұр. Ең басты қүндылығы осы.

— Ендеше, бұл бағытта қандай ғылыми мекеме, оқу орындарымен байланыс ұстамақшысыздар?
— Жақын арада жаңадан ашылған мекеменің заңдық құжаттары толық рәсімделген соң, археологиялық зерттеу жұмыстары қайта жалғасады. Өйткені мекеме құрудағы басты мақсат — көне Жайық қалашығының тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты зерттеп, ұрпаққа жеткізу.
Осы орайда мемлекетіміздің және шет елдердің ғылыми-зерттеу орталықтарымен, ең алдымен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтымен, басқа да жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеу үшін меморандумдар жасалады. Соның аясында ғалымдар мен ЖОО тарих мамандығы бойынша бакалаврлары мен магистранттарын жұмысқа тартамыз.
Қорыта айтқанда, қазақ даласының жүрегінде орналасқан көне Жайық қалашығы — халқымыздың тарихи жадын жаңғыртатын бірегей ескерткіш. Оның тағылымы — бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Бүгінгі жасалып жатқан алғашқы қадамдар болашақта Жайық қалашығын ұлттық деңгейдегі рухани орталыққа айналдырудың берік негізі болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның киелі орындарының бірі — Жайық қалашығы жөнінде жазған едік.