«Жайық» клубы Орталық Азия чемпионатында Непал командасына есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында волейболдан өтіп жатқан Орталық Азия чемпиондар лигасында Оралдың «Жайығы» кезекті кездесуін «Help SC» (Непал) командасымен өткізді.

Осыған дейін 9 ұпаймен көш бастап келе жатқан Виктор Козиктің шәкірттері бұл матчты жақсы бастап, 2:0 есебімен алда тұрды.
Алайда бұдан кейін непалдық волейболшылар күш алып кетті. Сөйтіп тартысты ойын 3:2 есебімен непалдық клубтың пайдасына шешілді.
19 шілде күні «Help SC» клубы қырғызстандық «Бішкек» командасына 2:3 есебімен есе жіберген еді.
«Жайық» клубы 22 шілдеде «Бішкекпен» алаңға шығады. Осы ойын батысқазақстандықтар үшін аса маңызды болғалы тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» клубының Орталық Азия чемпионатында қатарынан үш кездесуде жеңіске жеткенін жазған едік.