Жайық өзені ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының тізіміне енгізілді

АСТАНА.KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Атырау қаласында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының Орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысына қатысты.

бассейні
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су шаруашылығы ведомствосының басшысы баяндамасында Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында трансшекаралық Жайық өзені бассейніндегі су ресурстарын тиімді басқару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Жаңа Су кодексінің талаптарын іске асыру шеңберінде Жайық өзені ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының тізіміне енгізілді. Сонымен қатар Қазақстандағы сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша, оның ішінде Жайық-Каспий бассейні үшін де су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарлар әзірленіп жатыр. Бұл құжаттарда су шаруашылығы балансы, қолжетімді су көлемдері, су ресурстарын бөлу тәртібі, сондай-ақ су тапшылығы қаупін және су тасқыны мен құрғақшылық салдарын азайтуға бағытталған шаралар қамтылған.

Бассейндік жоспарлар негізінде су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспары әзірленеді. Бұл құжат мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңызды элементіне айналады.

Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өзеннің су өткізу қуатын арттыру мақсатында Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 52 шақырымды құрайтын төрт учаскесінде түбін тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ал балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау үшін Қиғаш өзеніндегі Ганюшкин және Жаркөсін каналдарының түбі тереңдетіліп жатыр.

Су саласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, Атырау облысында жергілікті атқарушы органдар оннан астам каналды күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жалпы саны 21 мың адам тұратын тоғыз ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Кереген-Сағыз-Жамансор» және «Тайсоған-Миялы» топтық су құбырларын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау көзделген.

— Өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар Жайық-Каспий су шаруашылығы бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсартуға, Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Бұл міндеттерді іске асыру ведомствоаралық және халықаралық деңгейдегі тығыз өзара іс-қимылды талап етеді. Осыған байланысты Жайық өзені мен Каспий теңізінің экожүйелерін тиімді басқару Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетелік жыл басынан бері Каспий теңізіне 6 млрд текше метрден астам су жіберілген еді