Жайық өзенімен мол су келмекші: Батыс Қазақстанда дайындық қалай жүріп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Жайық өзеніндегі су деңгейі күн сайын көтерілу үстінде. Орал қаласы мен өзен бойындағы аудандар су тасқынының екінші кезеңіне дайын ба? Осы орайда Kazinform тілшісі қазіргі жағдайды саралап көрді.

Өзен жағалауындағы бөгеттер тасқын суға төтеп бере алады ма?
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, Жайық өзені сәуір айының екінші жартысында қауіпті шектен (850 сантиметр) асуы ықтимал. Оқиға осылай өрбісе, облыс орталығына қауіп төнеді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, қазіргі кезде алты бағытта бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде.

«Тасыған Жайық суы бұзып-жарып өтуі мүмкін қауіпті тұстың бірі – қаланың ескі бөлігіндегі Курени шағын ауданы. Сол секілді Шаған өзені мен Исатай-Махамбет көшесі шектесетін тұста жас натуралистер стансасы мен зообақ ауданы маңында аласа жерлер бар. Зачаган кентіне қарасты Коминтерн ауылының жағалауға жақын жері мүшкіл болмағанымен, оған да топырақ төселіп, нығайтылуда. Орал қаласының орталығында С.Сейфуллин, Л.Толстой, Т.Масин көшелері барып тірелетін Перевалочный тоғайына су шығатыны мәлім. Оған қоса Жайық пен Аниськин көлін бөліп тұрған бөгетке топырақ төгіліп, биіктетіліп жатыр», дейді Жандос Асхатұлы.
Оның сөзіне қарағанда, ет комбинаты, «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС маңында Жайықтың тік жарлары өте биік, ол тұстардан қауіп жоқ.
Жалпы, барлық бөгеттер талапқа сай деуге болады. Жайықтың қалыпты деңгейі – 22 метр 45 сантиметр. Егер тасқын су 10 метрге көтерілсе, онда 33 метрге жетіп қалуы мүмкін.

«Сондықтан бөгеттерді қауіпсіз ету мақсатында биіктігін 34 метрден асырып жатырмыз. Қазіргі уақытта 20-дан астам компаниядан 150-ге жуық арнайы техника жұмыс жасауда. Осы кезге дейін «КамАЗ» автокөліктерімен 300-ге жуық рейспен екі карьерден топырақ тасылды. Оған қоса 120 мыңға жуық қапшық құмға толтырылып, қажетті жерлерге төселді. Бұған еріктілер, қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, спортшылар, Ұлттық ұлан жауынгерлері, Алматы мен Маңғыстаудан келген сарбаздар, ТЖ күштері белсене қатысуда. Екі-үш күнде тағы 80-90 мың қапты дайындап, осал тұстарды нығыздай түспекшіміз», деді Ж.Дүйсенғалиев.
Жайықпен мол су келсе, өзен бойында орналасқан Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Ақжайық аудандарының елді мекендеріне де қауіп төнеді.

Жайық өзенінің облыстағы бірінші гидробекеті Бәйтерек ауданы Январцев ауылында орналасқан. Аталмыш елді мекен өзеннен небәрі 100 метр қашықтықта екен. Январцев ауылдық округінің әкімі Абылай Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, мұнда да ескі бөгет нығайтылған.

«Жайық тасыған кезде алдымен орманның іші суға толады. Біздің ауылымыз үшін, әсіресе, шығыс жақтағы тоғайдан ағылатын өзен суы алдымен сол жақтағы елу үйге қауіп төндіреді. Сондықтан бөгеттің осы маңдағы бөліктері барынша биіктетілді», деді А.Жұмағалиев.
Бәйтерек ауданы Көшім ауылдық округінде алты елді мекен болса, соның ішінде Ақсу ауылы Жайыққа тиіп тұр. Көшім ауылы тұсында өзеннің қауіпті шегі – 850 сантиметр болса, бүгін 651 сантиметрге жеткен.

«Су тасқынының алдын алу үшін ауыл мен екі ортаға бөгеттер салу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш елді мекенде 60 үйде 220 адам тұрып жатса, соның 53-і – балалар. Қауіп төнген жағдайда Көшім ауылындағы эвакуациялық пунктке көшіріледі», деді Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин.
Осындай жұмыстар Рубежин, Дариян, Янайкин, Байқоныс ауылдық округтерінде де жүргізілуде. Ауданда эвакуациялық пункттер жасақталуда. Осы кезге дейін аудан бойынша 43 үйге су кірсе, келген залалды есептеу мақсатында комиссия құрылып, жұмыс жасап жатыр.

«Мұның алдында қар суы салдарынан ауданда 19 елді мекенге қауіп төнген еді. Соған қарсы тұруға 3 мыңға жуық адам (185 техника) жұмылдырылып, аталған ауылдар су басудан аман қалды. Оған аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер, еріктілер мен мемлекеттік қызметшілер, тұрғындар белсене атсалысты. Қазір басты назар бөгеттер салуға аударылуда. Жағдай аудан әкімі Марат Тоқжановтың бақылауында», деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.
Ең басты мақсат – адамдар өмірін аман сақтап қалу
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев кезек күттірмейтін міндеттің бірі – өзен жайылмаларында орналасқан саяжай тұрғындарын көшіру. Он күн бойы Орал қаласы төтенше жағдайлар және полиция басқармасы қызметкерлері саяжай тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

«Бүгіннен бастап саяжайда тұратын адамдарды мәжбүрлі түрде көшірмекшіміз. Осы орайда қала әкімінің тиісті шешімі шықты. Өйткені 9-10 сәуір күндері келетін су осы саяжайларды басуы ықтимал. Соған байланысты қауіпсіздік мақсатында әрі эвакуациялау жұмыстарын кедергісіз жүргізу үшін «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының 56-бабына сәйкес Жайық өзені жайылмаларында орналасқан саяжайлар бүгіннен бастап электр қуаты және газдан ажыратылады. Тұрғындардың уақытша орналасатын үйі болмаса, эвакуациялық пункттер дайын. Қазіргі кезде олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (Зачаган кенті, Бірлік көшесі, 7А), жекпе-жектен олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (Зачаган кенті, М.Мөңкеұлы, 114) және Орал «Сервис» технологиялық колледжі (К.Циолковский көшесі, 2б) ғимараттарындағы пункттерде бос орындар бар», дейді қала әкімінің орынбасары.
Оның діттегеніндей, мұндағы басты мақсат – адамдар өмірін аман сақтап қалу. Су тасқыны салдарынан Атырау облысында, Ресейдің көршілес Орынбор губерниясы Орск қаласында тұрғындар қазаға ұшырағанын ескерсек, соның алдын алмасақ болмайды.

«Осындай сын сағатта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тізе қосып қимылдаудың маңызы зор. Орал қаласы бойынша 600-ден астам еріктілеріміз ұйымшылдықпен еңбек етуде. Олардың арасында студент-жастар, спортшылар, ұстаздар, мәдениет саласының қызметкерлері, қарапайым тұрғындар бар. Қазіргі кезде волонтерлар Асан ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қапшықтарға құм толтырып жатса, бірқатары құтқарушылармен бірге суға кеткен ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруде. Сонымен қатар олар эвакуациялық пункттерде өз жұмыстарын жалғастыруда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, біз бірге жұмылып, халыққа қызмет ете береміз. Күшіміз бірлікте!», деді «Орал жастары» волонтерлық қозғалысының жетекшісі Дулат Жүсіпқалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрлан Байбазаровтың Жайық өзеніндегі судың көтерілуі 94 елді мекенге қауіп төндіретіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Орал қаласы тұсында Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрден асты.