Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақ ауылы тұсында 10 сантиметрге көтерілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында бір тәулікте 10 сантиметрге көтерілді.

Жайық
Фото: Kazinform

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 25 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметіне қарағанда, Тайпақта су деңгейі 548 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.

Жайықтың басқа гидробекеттерінде судың түсуі байқалады. Атап айтқанда, Январцев ауылында 7 (880 см, қауіпті шегі – 1 250 см), Оралда 2 (859 см, қауіпті шегі – 850 см), Көшімде 1 сантиметрге (857 см) төмендеген. Көшім каналында деңгей бірқалыпты (825 см, қауіпті шегі – 800 см).

Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Жайық өзенінің суы аудан аумағынан төменге өтіп жатқанын жеткізді.

«Жалпы жағдай қалыпты. Бөгеттерді нығыздау, биіктету жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді М.Сердалин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 280-нен астам әскери қызметшінің Оралдан Атырау облысына көмекке аттанғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар