Жайық, Шаған өзенінің көтерілуіне байланысты Орал бақылауға алынды – ТЖД

АСТАНА. KAZINFORM – Екі өзен суының көтерілеуіне байланысты Орал қаласында бақылау күшейтілді. Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев мәлім етті.

орал
Фото: Kazinform

«Бүгінде Жайық және Шаған өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Орал қаласы бақылауға алынды. Сонымен қатар Деркөл кентіндегі тұрғын үйлер мен саяжайларды су басу қаупі сақталып отыр. Жергілікті атқарушы органдар инженерлік техникалардың көмегімен құм салынған қаптар дайындалып, өзен, бөген жағалауларын нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Қанат Қарабалаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

ТЖД өкілінің айтуынша, БҚО-да 9 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр және жергілікті ауқымда 6 төтенше жағдай жарияланды. 

«Су тасқыны басталғалы 7 048 адам эвакуацияланды, оның ішінде 3 665 бала бар. Уақытша орналастыру пункттеріне 1 455 адам жеткізілді, олардың арасында балалар да бар. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 4 251 адам, 954 бірлік техника, 95 бірлік жүзу құралдары, 332 бірлік мотопомпа, 2 бірлік әуе кемесі жұмылдырылды», - дейді ол. 

Еске сала кетсек, 4 сәуірде Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездескен еді. 

6 сәуірде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына су тасқынына қатысты қалыптасқан жағдай бойынша үндеу жолдады

Соңғы жаңалықтар