«Жайық» волейбол клубы Орталық Азия чемпионатында бақ сынайды
ОРАЛ. KAZINFORM — Волейболдан Қазақстан чемпионы «Жайық» клубы 17-23 шілде аралығында Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында өтетін Орталық Азия чемпиондар лигасында өнер көрсетеді.

«Жайық» волейбол клубының басшысы Азамат Нұрмұханбетовтің айтуынша, команда оқу-жаттығу жиынын сапалы өткізді. Енді нәтижелі ойын өрнегін көрсетуге бар шеберлігін салады.
Қазақстан волейбол федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Орталық Азия чемпиондар лигасында барлығы алты команда бақ сынайды.
Қазақстандық маман Виктор Козик баптайтын «Жайықтың» биылғы чемпиондық құрамынан сегіз ойыншы тізімге енген. Сонымен қатар Алматының «Буревестнигінен» Сергей Кузнецов пен Клим Рюхов, күміс жүлдегер «Ақтөбеден» Қадырхан Нодирханов, биыл үздік үштікке енген «Атыраудан» Орал волейболының түлегі Петр Чурзин қосылды.
В.Козиктің шәкірттері алғашқы кездесуін 17 шілде күні «Ports Authority» (Шри-Ланка) командасымен өткізеді.
Биыл Виктор Козик жаттықтыратын Қазақстан ерлер құрама командасы Израиль мен Иранның арасындағы қақтығысқа байланысты Бахрейндегі Ұлттар кубогына қатыса алмай қалған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған едік.
Таиландта 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Гонконгты жеңгенімен, Индонезиядан 1:3, Азия жеңімпазы Ираннан 0:3 есебімен ұтылып қалды. Енді қазақстандықтар тек 9-15 орындар үшін таласады.