«Жайық» волейбол клубы жүлделі орынға таласа ала ма
Өткен жылы Ұлттық лига командалары қатарына қосылған «Жайық» волейбол клубының қазіргі беталысы қалай? Биыл құрамы күшейтілген «Жайық» ел чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көріне ала ма? Батыс Қазақстанда бұрын болған волейбол дәстүрін қайта жаңғырту үшін не істеу керек? Осы орайда Kazinform тілшісі сала мамандарымен тілдесіп, олардың пікірлерін тыңдап көрді.

Жайық» құрамы қалай жасақталды?
Кезінде «Конденсат» деп аталған оралдық команда 2001 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Одан кейін де клуб үздік үштіктің қатарынан көрініп жүрді. Алайда құрылтайшысы – «Конденсат» компаниялар тобы 2015 жылы қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін команда тарап кетті.
Оның орнын басады деген «Жайық» волейбол клубы Жоғарғы лигадан аса алмады. Тек өткен жылы ғана «Жайық» қайтадан құрылып, Ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатында өнер көрсете алды.
«Жайық» волейбол клубының директоры Азамат Нұрмұханбетовтің мәлім еткеніндей, биыл команда құрамында елеулі өзгерістер болды.

Ең алдымен бас бапкер ретінде Орал волейболының түлегі Виктор Козик шақырылды. Ол кезінде ойыншы ретінде Алматының «Дорожник» клубымен қатар көптеген шетелдік командада өнер көрсеткен. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей ғана емес, Франция клубтарын да жаттықтырған білікті маман.
«Командаға Орал волейболының түлектері Виталий Вориводин, Владимир Прокофьев, Дмитрий Сергеев, либеро Қайрат Байбековтер қайтып оралды. Сондай-ақ тәжірибелі легионерлер Ярослав Остраховский, Егор Прозоров және Артем Киселевпен толықтырылған «Жайық» биылғы маусымға тыңғылықты дайындалды. Бұл өз жемісін берді. Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының Павлодар қаласында өткен бірінші турының қорытындысы бойынша «Жайық» үздіктер қатарынан табылып, әзірге екінші орында келеді. Бастапқы турда командадан Владимир Прокофьев үздік деп танылды. Жергілікті ойыншыларға сенім артуымыздың тағы бір артықшылығы, бұл, екінші жағынан, қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни олар үшін пәтер жалдау қажет емес, Оралдағы өз үйлерінде тұрады», - дейді Азамат Мадиярұлы.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан чемпионатының екінші туры 11-21 желтоқсан аралығында Тараз қаласында өтеді. Алғашқы турдан кейін «Тараз» 17 ұпаймен көш бастаса, «Жайық» (15 ұпай) екінші, биылғы ел чемпионы «Павлодар» (14 ұпай) үшінші орында келеді. Екінші турдағы ойындардың да тартысты өтетіні анық.
«Алдағы мақсат – осы биіктен төмендемей, плей-офф кезеңіне шығып, Қазақстанның үздік төрт командасы қатарынан көріну. Тағы бір мәселе – қазіргі таңдағы мықты ойыншыларымыздың орнын басатын резервті жасақтау. Қосалқы құрамдар арасында өтетін Қазақстан чемпионатына біз де қатысудамыз. Міне, солардың ішінде болашағынан үміт күттіретін жастарымыз бар. Тек олар шеберлігін ұштап, өздерін жетілдіре берсе, негізгі құрамға қосылар еді», - дейді клуб басшысы.

БҚО волейбол федерациясының президенті Тілепберген Каюпов биыл команданың сапалық құрамын арттыру бағытында тиісті өзгерістер жасалғанын жеткізді.
«Францияда жаттықтырушы болып, біліктілігін көрсете білген Виктор Козик «Жайықты» жаңа биікке көтереді деп үміттенеміз. Сондай-ақ тағы бір оралдық, осыған дейін төрт рет Қазақстан чемпионы, Азия клубтық біріншілігінің екі мәрте үздік ойыншысы атанып үлгерген Виталий Вориводин сияқты тәжірибелі волейболшылар команданы алға сүйрері анық. Сондықтан жаңа маусымда үздік үштікке ілігуді көздеп отырмыз», - деп нақтылады Т. Каюпов.
Команданы қаржыландыру қандай деңгейде?
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллиннің айтуынша, «Жайық» волейбол клубына биыл 283,8 млн теңге бөлінді.
«2022-2023 жылғы маусымның қорытындысы бойынша команда Ұлттық лигада жетінші орыннан көрінді. Бұл, әрине, төмен көрсеткіш. Мұның себебі – клубтың он жылға жуық уақыт бойы ҚР Ұлттық лигасына қатыспай, елдегі негізгі жарыстан тыс қалғаны. Алдағы уақытта соның орны толады деп есептейміз», - дейді Ж. Нығметуллин.
«Командаға қаралған қаржы көлемі көбейтілді. Клубтың 2024 жылғы бюджеті 450 млн теңге көлемінде болмақ. Спортшыларды қолдау, волейболды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады», - деп нықтады Т. Каюпов.

А.Нұрмұханбетов «Жайықтың» қаржыландырылуы жақсы деңгейде, бұл жөнінен Ұлттық лигадағы сегіз команданың ішінде шамамен алтыншы орында екенін айтты.
Тағы бір маңызды мәселе - команданың талапқа сай келетін залмен қамтылуы.
«Ұлттық лига талаптарына сәйкес келетін Оралда жалғыз зал бар, бұл – «Орал» спорт клубы. Сонда жаттығуларымызды өткізудеміз. Команда барлық керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген», - дейді клуб жетекшісі.
Өңірдегі спорт жанашырлары «Жайық» волейбол клубына осылай көңіл бөлініп отырғанына риза екенін айтады.
«Конденсат» тарап кеткеннен кейін Орал волейболының түлектері басқа клубтарға ауысты. Бәрі де қаражатқа байланысты. Енді, міне, өткен жылдан бастап команда тізгінін Азамат Нұрмұханбетов сынды кәсіпқой волейболшылар ұстап, биыл Виктор Козиктей білікті жаттықтырушы, Қайрат Байбеков, Виталий Вориводин, Владимир Прокофьевтей өз ойыншыларымыз қайта оралып жатса, неге қуанбасқа! Өткен жылдан бастап өзі де волейболшы Тілепберген Каюпов федерация басшылығына келгеннен кейін жағдай жақсарды. Қазір «Жайық» волейбол клубы ғана емес, оқушылар мен жастар лигаларына, ардагерлерге де барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бетбұрыс алдағы уақытта да жалғасса, спортшыларымыз ел чемпионы атанатынына сенім мол», - дейді волейбол ардагері Қамбар Сәлімов.
Ұлттық лига ойындары Оралда өте ме?
Батысқазақстандық жанкүйерлердің Ұлттық лига ойындарын тамашалаудан қол үзіп қалғанына он жылдай уақыт өтті. Әдетте Ұлттық лигада өнер көрсететін команда бір турдың бәсекелерін өз алаңында өткізеді. Мұндай мүмкіндік «Жайыққа» беріле ме?
А.Нұрмұханбетов 10-20 қаңтар аралығында 3-тур ойындарын өткізуге Қазақстан волейбол федерациясына өтінім бергенін жасырған жоқ.
«Әйтсе де Оралдағы зал бір талапқа сай келмейді. Кемінде 500 адам отыратын мінбер болуы керек. Дегенмен федерация бізді қолдайды деп ойлаймыз. Сосын «Qazsport» телеарнасы тарапынан қойылатын талаптар бар, оны да әзірге шеше алмай жатырмыз», - дейді клуб директоры.

Орал қаласында тұратын спорт ардагері Тельман Ғұсманов осындай жарыстарды көзбе-көз көрудің өзі, әсіресе, жанкүйерлер үшін үлкен қуаныш сыйлайтынын білдірді.
«Мен өзім Жәнібек ауданында туып-өстім, сонда спорт саласында ұзақ жыл еңбек еттім, басшылық қызметтер атқардым. 1968 жылы мектеп оқушылары арасында жарыс болып, қазіргі П.Атоян атындағы стадионда ағаш еден үстінде ойнағанымыз есімде. Қазір жағдай мүлдем басқа ғой, жаңадан спорт сарайлары салынып жатыр. Соның өзінде жаттығатын орын жетпей жатады. Ардагер волейболшылар үшін де арнайы кесте жасалып, біздің спортпен етене шұғылдануымызға мүмкіндік берілсе деген ойым бар. Сосын ауыл волейболына көбірек көңіл бөлінсе екен. Кезінде бір ғана Жәнібектен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Базарбай Сиғалиев, Золя Шамелов, Юрий Зубков, Ғұмар Ізбасов, Амангелді Жамашевтар оқушылар арасында облыста алдыңғы орыннан көрініп жүрді. Кейін Әнуар Абсалямов, Мадияр Нұрмұханбетов, Сергей Погульский секілді шебер ойыншылар шықты. Міне, іздесе, дұрыс жолға қойса, қаладан да, ауылдан да ел намысын абыроймен қорғай алатын жас таланттар табылады», - дейді Т. Ғұсманов.
Қорыта айтқанда, волейбол мамандары мен спорт сарапшылары, жанкүйерлер «Жайық» волейбол клубының болашағына сенетінін білдірді. Биыл басталған чемпионтаттың жаңа маусымында батысқазақстандық команда жүлдеге іліге ала ма, оны уақыт көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» допты хоккей клубының болашағы қандай болатыны жөнінде жазған едік.